Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезі басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтуде

Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде Парламент Мәжілісі сайлауына арналған партиялық тізімді, партияның сайлауалды бағдарламасын бекіту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Қазақстанның Тұңғыш президенті, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кезектен тыс XX съезін ашты.

«Партияның кезектен тыс XX съезін ашық деп жариялаймын. Қазақта жүре берсең, көре бересің деген сөз бар. Мінеки, съезді қашықтан өткізуге мәжбүр болып отырмыз. Осындай заманға тап келдік. Бұл да өміріміздің бір саласы, есте қалады. Аманшылық болса, талай бірге кездесіп, шүйіркелесіп, жүздесіп, құшақтасатын боламыз. Сол күнге тезірек жеткізсін», – деді Елбасы партия съезінің ашылуында.

Елордада өтіп жатқан партия съезіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысып отыр.

Күні кеше Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясының саяси кеңесі бюросының отырысы өткен болатын. 

Бюро мен Саяси кеңес отырыстарының нәтижесінде 126 кандидаттан құралған тізім бүгінгі Nur Otan партиясының ХХ съезінде ұсынылады. 

БАҚ съезд туралы «Қазмедианың» 21-қабатындағы баспасөз орталығынан ақпарат таратып отыр. Санитарлық талаптар барынша қамтамасыз етілген. 

Журналистер арақашықтықты сақтап, маска тағып отыр.