Мәжіліс депутаты праймериздің келесі кезеңіне қатысу туралы шешім қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Балайым Кесебаева Мәжіліс депутаттығына қайта сайлануы үшін кандидатурасын ұсынбақ

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Балайым Кесебаева келесі шақырылымға кандидатурасын ұсыну үшін «Nur Otan» партиясының өңірлік конференциясы аясындағы дебатқа қатысамын деп шешім қабылдады.

«Жалпы, осы жылдың басты саяси оқиғаларының бірі – «Nur Otan» партиясы өткізген праймериз болды. Бұл тарихи оқиғаға 10 000-нан астам кандидат қатысып, 662 000-нан астам партия мүшесі дауыс берді. Кандидаттардың ішінде өзін-өзі ұсынушылар көп болды – 7 143 кандидат немесе кандидаттардың жалпы санының 71 пайызы. Қызылорда облысынан 485 кандидат қатысты, оның ішінде 61 адам – партияға жаңадан мүше болғандар. «Nur Otan» праймеризінің бірінші деңгейіндегі пікірсайыстар партияның жаңа активінің ашық пікірталасқа дайындығын көрсетті. Алайда, саяси жұмыста диалог жүргізудің мұндай форматы белгілі бір дағды мен даярлықпен қатар, үлкен тәжірибені талап ететінін атап өткен жөн», - деп жазды ол.

Балайым Кесебаева Мәжіліс депутаттығына қайта сайлануы үшін кандидатурасын ұсынбақ және бұған заңгерлік тұрғыдағы көпжылғы тәжірибесі мүмкіндік береді деп есептейді. 

«Қазіргі заманғы университеттердің қосымша оқу, факультативтік пәндерінің арасында риторика және пікірталас сияқты пәндерді жиі кездестіруге болады, онда дау-дамай техникасы туралы негізгі түсінік беріледі, әдістер жетілдіріліп, жеке стиль дамиды.

Әрине, партия активінің жаңа өкілдерінің күш-жігері олардың артықшылығы болып табылады. Дегенмен, оларға қарсыласын сендіру, өз ұстанымын көпшілік алдында қорғау, қарсы тараптың кемшіліктері мен сәйкессіздіктерін табу мүмкіндігі жетіспейді.

Заңгерлік тұрғыдағы көпжылғы еңбек тәжірибемді ескере отырып, Мәжіліс депутаттығына қайта сайлануым тек Қызылорда облысының ғана емес, сондай-ақ, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мәселелерін одан ары ілгерілетуге мүмкіндік береді деп есептеймін», - деп түсіндірді ол.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауына 6 саяси партия қатысады.