Праймериз қоғамдағы саяси белсенділікті арттырды – Бейсен Тәжібаев
Партияішілік іріктеуге Түркістан облысынан 1073 адам түсіп, бақ сынасты

«Nur Otan» партиясының праймеризі Түркістан облысында да жоғары деңгейде өтті. Өңірде жаңа көшбасшылар анықталды. Осы ретте біз «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевпен сұхбаттасып, саяси доданың жай-жапсары мен алдағы жұмыстар жөнінде сұраған едік.
- Бейсен Дәулетұлы, биыл «Nur Otan» партиясы праймериз өткізді. Сіздің ойыңызша праймериз арқылы қоғамда не өзгеруі мүмкін?
- Праймериз қоғам тарапынан зор қызығушылық туғызды деп айта аламыз. Өйткені жылдар ағымында қазақстандықтар елдің қоғамдық және саяси өміріне белсене араласқысы келетінін байқата білді. Оның үстіне «Nur Otan» партиясының алдында еліміздің мәселелерін бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз ету мақсаты тұрды. Ал жалпы, праймериздің негізгі міндеті – халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру, қоғам қолдауына ие, нақты жағдайды білетін беделді көшбасшыларды, белсенді адамдарды бәсекелестік негізінде іріктеу болатын.
«Праймериз арқылы қоғамда не өзгеруі мүмкін?» деген сауалыңызға келер болсақ, біріншіден, партияны қайта жандандырамыз. Екіншіден, халық пен билік арасында ашық диалогты қамтамасыз етеміз. Үшіншіден, жергілікті жерлерде өткір мәселелерді ашық көтеру арқылы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік аламыз.
- Түркістан облысында праймериз қалай өтті? Қанша адам қатысты?
- Праймеризге қатысу үшін облыстың барлық аудан, қалаларынан 1144 кандидат тіркелген болатын. Алайда түрлі себептермен 70 кандидат праймеризге қатысудан бас тартып, өз өтініштерін кері қайтарып алды. Ал жалпы, партияішілік іріктеуге Түркістан облысынан 1073 адам түсіп, бақ сынасты.
1-4 қазан аралығында өткен дауыс беруге 78 262 партия мүшесі қатысады деп жоспарланды. Олар 245 бастауыш партия ұйымдарына бекітілді. Облыстың аудан, қалаларында 209 дауыс беру орындары белгіленді.
- Саяси доданы әділ әрі ашық өткізу бағытында облыстық партия филиалы тарапынан қандай жұмыс атқарылды? Ереже бұзу, кандидаттардың құқығын шектеу фактілері кездесті ме?
- «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы 42 сауал, Call-орталықтарына, әлеуметтік желілерге және телефон шалу арқылы 3113 өтініш келіп түскен. Сараптама барысында барлық сауалдарға дер кезінде заң аясында тиісті жауаптар берілді. Дегенмен облысымызда резонанстық мәселе тудырған 3 мәселе тіркелді. Соның бірі – Түлкібас аудандық білім бөліміне қарасты А.Макаренко атындағы ЖОМ директоры өзі басқарып отырған мектеп ұжымындағы партия мүшелеріне (183 партия мүшесі) праймеризге қатысушы 21 кандидаттан тұратын тізім жіберіп, аталған кандидаттарға дауыс беруге шақырған. Праймеризді өткізу ережесіне және Орталық аппараттың талаптарына сәйкес, аудандық ұйымдастыру комитетінің отырысы өткізіліп, мектеп директоры Бастауыш партия ұйымы бюросының қаулысымен партиядан шығарылды.
- Сіздің ойыңызша, онлайн дауыс беру тиімді ме? Арнайы ақпараттық жүйеге 80 мыңға жуық азамат толық тіркелді ме?
- Облыс бойынша 78 262 партия мүшелерінің 76 669-і немесе 98 пайызы авторизацияланды. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 4-орыннан көріне білді.
Дауыс беруге 78 262 партия мүшесінің 72 973-і қатысты. Бұл сайлаушылардың 93,2 пайызын құрады.
Дауыс берушілерді пайызбен шаққанда біздің облыс республикада 3-ші орынға шықты.
Облыс деңгейінде партияластардың сайлауға қатысуы бойынша Түлкібас (99,1 пайыз), Келес (98,7 пайыз), Сарыағаш (98,5 пайыз) аудандары көш бастады.
- Праймеризде көп дауыс жинаған азаматтарды не күтіп тұр? Олар алдағы сайлауда партия жеңіске жетсе, депутат атануы мүмкін бе? Үздіктерді қалай таңдайсыздар?
- Праймериздің іріктеу кезеңі аяқталып, барлық аудан, қалаларда 1073 адамнан тұратын партиялық кадрлық тізім қалыптасты. Ендігі мақсатымыз – облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттағы 320 орынға бір орынға екі адам принципі бойынша 1073 кандидаттың ішінен 640 азаматтың тізімін жасау. Алда өткізілетін облыс, аудан, қала көлеміндегі конференцияларда осы 640 кандидаттың ішінен болашақ депутаттық мандат иегерлері анықталатын болады. Бұл жұмыстар баршамызға үлген жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Ең бастысы, аудан, қалаларда қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы сақталуы тиіс. Осы бағытта жұмыс жүреді. Жалпы, партия праймеризі қоғамдағы саяси белсенділікті арттырып, жаңа көшбасшыларды табуға ықпал етті. Мұның бәрі Елбасымыздың партияны қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды.
- Сұхбатыңызға рақмет, жұмысыңызға сәттілік тілейміз!