Министрлер Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің күн тәртібін, бірлескен мәлімдемесі мен регламентінің жобаларын қарады
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері Ташкентте өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Екінші консультативтік кездесуіне дайындық барысын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлер Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің күн тәртібін, бірлескен мәлімдемесі мен регламентінің жобаларын нақты қарады. Сондай-ақ өңірлік өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Орталық Азия бағытындағы маңызды ортақ жетістігі ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2018 жылғы 15 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында өткен ОА мемлекеттері басшыларының Жұмыс (консультативтік) кездесуі болды. Ол көп жылдар ішіндегі мұндай форматтағы алғашқы кездесу болып, оның барысында өңір елдерінің көшбасшылары бесжақты ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын анықтап, болашаққа жоспарлар белгілеген еді.
ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде Орталық Азия елдерімен жан-жақты кооперациялық байланыстарды дамыту және өңірдің маңыздылығын нығайту Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Кездесу қатысушылары өзбек тарапына іс-шараны сапалы ұйымдастырғаны және Өзбекстанның аймақтық интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған күш-жігері үшін алғыс білдірді.