Тоқаев Австрия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы мәліметтер бойынша, Венадағы атыс салдарынан 3 адам қаза тауып, 15 адам жараланған

суретте: Александр Ван дер Беллен және Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Венадағы террорлық актіге байланысты Австрия президенті Александр Ван дер Белленге көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Бүкіл австриялықтар сияқты барлық дінге кереғар келетін, адами сенім мен ақылға сыймайтын мұндай жантүршігерлік зорлық әрекетке қарсымын. Терроризмнің кез келген түріне жол беруге және оны ақтауға болмайды. Осындай қаныпезер зұлымдыққа барған барлық кінәлілер жауапқа тартылады деп үміттенемін. Қазақстан халқының және өз атымнан қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын, зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Осынау қаралы күндері Австрияның федералдық үкіметімен және халқымен біргеміз», – делінген жеделхатта.

2 қараша күні кешке Аустрия астанасы Вена қаласында белгісіз адамдар оқ атты. Соңғы мәліметтер бойынша, атыс салдарынан үш адам қаза тауып, 15 адам жарақат алған. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі ақпарат берді.