Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезінде Үкімет пен Ұлттық Банкке 2021 жылға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын ұзартуды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бұл ретте, жаңартылған бағдарламада бірінші кезеңді іске асыру барысында анықталған кемшіліктерді ескеру қажет. Бұл жерде өңірлерге бөлінетін қаражаттарды сапалы әрі тиімді бөлу жөнінде сөз болып отыр. Тікелей мағынасында ақшаны желге ұшыруға немесе «өз» компанияларына келісімшарттарды бөліп беруге жол берілмеуі тиіс. Қаражаттардың бір бөлігін микро несие беруге жұмсауға болады. Үкімет пен Ұлттық Банк 1 желтоқсанға дейін нақты ұсыныстар беруі тиіс. Ұлттық палата дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу мен оларды іске асыруда біршама қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Медицина тілімен айтсақ, біз бірлесе отырып проблемаға дұрыс диагноз қойып, емдеудің қажетті шараларын қабылдай алдық», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, пандемия мен дағдарыс Қазақстанның алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Сондықтан мемлекет елімізде бизнес жүргізудің шарттарын жүйелі түрде жақсартуды жалғастыра береді.
Президенттің тапсырмасы бойынша сапалы жаңа реттеушілік жүйе әзірлене бастады. Қолданыстағы барлық бақылау-қадағалау, рұқсат беру және басқа да реттеуші құралдарға үлкен әрі «нақты тексерулер жасалады.
«Біз құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауды бастадық. Реформа жедел, ашық және тиімді болуы тиіс. Бұл жұмысты өзім тікелей қадағалаймын. Мұндай күрделі, жабық жүйелерді, оның ішінде, бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып өзгерту қажет. Сондықтан «Атамекеннен» нақты ұсыныстар күтемін. Құқық қорғау органдарының барша қызметкерлері, инспектордан бастап генералға дейін елімізде қолайлы бизнес ахуалды қалыптастыру жұмысының толыққанды қатысушылары екендерін сезінулері тиіс», – деді Мемлекет басшысы.