Бауырлас елдің елшісі Армения тарапынан ақпараттық соғыстың да жүргізіліп жатқанын айтты
Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов Қазақстанды Армениямен қарулы қақтығыста Әзербайжанға көмектесуге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі
Елші барлық халықаралық келісімге сәйкес, Таулы Қарабақтың аумағы Әзірбайжанның құрамына кіретінін, сондықтан азат ету соғысы жүріп жатқанын еске салды.
Рашад Мамедов Қазақстан да өзгелер сияқты Таулы Қарабақтың Әзірбайжаннан бөлінуін ресми түрде мойындамағанын мәлімдеді. Демек, республиканың тұтастығын жақтайтынын баса айтты. Ол сөзінде Қазақстанда Армения мен Әзірбайжан шекарасындағы қақтығыс туралы жалған ақпараттар тарап жатқанын еске салды.
«Қазір Армения тарапынан жалған ақпарат таратылып жатыр. Әзірбайжан Армениямен шекарада әскери іс-қимыл жүргізіп жатқан жоқ, әскери іс-қимыл Әзірбайжан Республикасының ортасында жүріп жатыр. Біз өз аумағымызды азат етіп жатырмыз. Біз соғысты қаламадық. Бұл туралы барлық мінберден айттық, енді біздің әскер шегінбейді, кеше сегіз елді мекен азат етілді», – деді елші.
Оқи отырыңыз: Таулы Қарабақтағы қақтығыс: Әзірбайжан армиясы ұрысқа жаңа күштер енгізді
Рашад Мамедов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше екенін, оның құрамына Қазақстан да кіретін ескертті. Дипломаттың айтуынша, қақтығысқа үшінші елдерді тарту үшін ақпараттық шабуылдар басталған.
«Біз Қазақстаннан ЕАЭО және ҰҚШҰ аясында Арменияны тоқтатуын сұрадық. Бізге 130-дан астам халық бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін Қазақстаннан, бауырларымыздан көмек керек. Халықаралық құқықтарға сәйкес, Қазақстанның моральдық және саяси қолдауы қажет. Қақтығыс БҰҰ-ның қауіпсіздік қарарына және басқа да халықаралық құжаттарға сәйкес бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Біз ешкімнің Қазақстандағы бейбітшілікті бұзуын қаламаймыз. Егер Қазақстан бауырлас халқымыз десек, онда бұл елдегі бейбітшілікті көздің қарашығындай қорғауымыз керек», – деді Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі.
Azattyq Rýhy тілшісі әзірбайжан-армян қақтығысына байланысты қарапайым қазақстандықтардың пікірін білген болатын. Тұрғындар бұл шиеленіске байланысты түрлі ойлар айтты. Бауырлас Әзірбайжан мен ЕАЭО аясындағы әріптес мемлекет Арменияның өзара соғысуы кейбір сыртқы мемлекеттер үшін тиімді деп санайтындар бар. Сондай-ақ, Таулы Қарабақтағы қақтығыс Әзірбайжанның тарихи жері үшін күресі, яғни бұл азат ету соғысы деп ойлайтындар да жетерлік. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің YouТube видеопорталындағы ресми каналынан Қазақстанның Әзірбайжанға көмек беруіне байланысты да пікірлерді көруге болады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы