Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау аяқталды. Бірақ оппозиция көшеге шығып, белсенділер сайлаудың әділетсіз өткенін айтып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жергілікті БАҚ-тың жазуына қарағанда, барлық дауыс беру учаскелері кеше жергілікті уақытпен сағат 20.00-де жабылды. Дауыс беру 2475 сайлау учаскесінде өтті, оның 45-і – шет мемлекеттерде орналасқан. Барлығы 3 млн 523 мың 532 сайлаушы тіркелген. Жогорку Кенеш сайлауына барлығы 16 саяси партия, 1 мың 957 кандидат тіркелген. Олар 120 депутаттық мандатқа өзара таласты. Комиссия дауыстарды санауға кірісті. Бүгін түсте дауыс берудің алдын ала мәліметтері де шыға бастады.
Қырғызстанда Мәдениет, ақпарат және туризм вице-министрі қызметін атқарған экс-шенеунік, қоғам белсендісі Мақсат Чакиев Facebook-тегі парақшасында партиялардың жинаған дауыстары туралы ақпаратты жария етті. Бүгін сағат 14:40-тағы деректерге қарағанда, үш саяси ұйым көшбасында. «Ары қарай қызық болады. Жеті пайыздан жоғары жинағандардың саны үшеу. Олар: «Мекеним Кыргызстан», «Биримдик» және «Кыргызстан» партиялары», - деп жазды Чакиев.
Алдын ала мәлімет бойынша, парламентке төрт партия өтуі мүмкін:
Түске дейін елде электораттың 70 пайызының дауысы саналған. Жоғарыдағы көрсеткіштер соның нәтижесі. Енді халық ресми мәліметтерді күтіп отыр. Бірақ сайлаудың ресми қорытындысы шықпай жатып, ел астанасында ереуіл жүріп жатыр. «Оппозиция сайлауды мойындамайды» деп ұрандатқан топ жер-жерде жинала бастады.
Мақсат Чакиев бүгінгі қарсылық шараларын оппозиция ұйымдастырып жатыр деп айтуға ерте, мұны сайлау қорытындысымен келіспеушілік деп қараған жөн деді. Оның сөзінше, елде жүйелі оппозиция деген ұғым жоқ. Мұны әртүрлі саяси науқандар кезінде стихиялы түрде пайда болатын, импульсивтік оппозиция деуге болады.
«Бүгінгі бас көтерулер мемлекетті құлатуды, билікке «кет» деген ұрандардан тұрмайды. Негізінен, әркім өзінің жеке мүддесі үшін шыққан, өзінің партиядағы орны мен депутаттық мандатын халықтың игілігінен жоғары қоятындар жиналды десем де болады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шағарып, күш біріктіруге оппозиция дайын емес. Тараптар қазір жеке мандат үшін ғана жаға жыртысатын болады», - деп санайды Максат Чакиев.
Жергілікті БАҚ ақпаратына қарағанда, өздерін оппозиция өкілдері деп атаған топ алғашқыда Бішкектегі Парламент үйінің алдына жиналған. Бірақ «Біз сәуір революциясының қаһармандарымыз» деп атаған өзге бір топ келіп, алғашқылардың жиынына кедергі келтірген. «Мұнда қан төгілді, енді біз бұл алаңды саясаткерлердің жеке мүддесіне пайдалануға жол бермейміз» деген сөздер айтылған.
Елдегі белгілі қоғам белсендісі Аманбол Бабақұлов та 4 қазанда өткен сайлаудың қорытындыларына күмәнмен қарайды. Ол да жақтастарымен бірігіп, зиялы қауымды митингке шақырды. Белсенді әлеуметтік желілерде «Минингке шықпайын десем, басқа амалым қалмады» деп жазды.
Режиссер Ырыс Окенова да әлеуметтік желілер арқылы халықты митингке шақырған.
«Шығармашыл интеллигенция қайда?! Ақын-жазушыдар, төкпе ақындар, манасшылар, суретшілер, киногерлер, әншілер, актерлер, тарихшылар және оқымыстылар, бұл сайлаумен келспесеңіздер, пікір білдіріңіздер! Қалыс қалмаңыздар. Қарап жатқанша, митингке келіңіз. Сіздің жазған шығармаңыз, түсірген киноңыз, салған суретіңіз, орындаған әніңіздің үні елге жетпейді. Сіздердің жылдарыңызды бұл билік ұрлап жатыр, қашанғы шыдауға болады», - деп жазды ол.
Қырғызстан 2010 жылғы соңғы революциядан кейін парламенттік-президенттік басқару жүйесін таңдаған болатын. Конституцияға енгізілген өзгерістер бұл елде президенттің құзіретін біршама шектеп, Парламенттің рөлі күшейтілді. Соңғы он жылдағы бұл үшінші парламент сайлауы.
Қырғызстанда 260-қа жуық саяси партия тіркелген. Бұл жолы сайлауға 17 партия өтініш беріп, олардың 16-сы түскен. Бір саяси ұйым өз атынан 200 адамға дейін үміткер ұсына алады. Заң шығарушы органда бір партия кем дегенде, 65 мандатқа ие бола алады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы