Сәтбаев қаласы мен Панфилов ауданы әкімдерінің отставкасы қабылданбаған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тікелей бағыныштылардың жемқорлығы үшін саяси басшылардың отставкаға кетуіне қатысты пікір білдірді. Жыл басынан бері аудандық және облыстық деңгейдегі 9 әкім отставкаға кету туралы өтініш берген және олардың 6-уы қызметінен босатылған.
Сәтбаев қаласының әкімі Ыдырысовтың және Алматы облысы Панфилов ауданы әкімі Өмірәлиевтің отставкасы қабылданған жоқ. Облыс әкімдері оларға сөгіс жариялады. Қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық қылмысты өзгеріс енгенге дейін (2019 жылғы 10 желтоқсан) жасағандықтан, Сәтбаев қаласының әкімі отставкаға өтініш бермеуіне де болар еді.
Таяуда (28 қыркүйекте) Қостанай облысы Рудный қаласының әкімі Ғаязов отставкаға кетті, ол бұл қызметті 2011 жылдан бері атқарып келеді. Бұған дейін хабарланғандай (13 қыркүйек), оған тікелей бағынышты Рудный қаласы Қашар кентінің әкімі Алдонғаровқа қатысты үкім заңды күшіне енді.
Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі Нұртаевтың отставкаға кету туралы өтініші қаралуда. Оның орынбасары Тәжібаев сотталды (8 қыркүйекте оның орынбасары Тәжібаевқа қатысты үкім заңды күшіне енді).
Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігіне қатысты 32 бірінші басшы жауапқа тартылды (5-еуі жұмыстан шығарылды, 8-і жұмыстан босатылды, 3-еуі қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, 9-ына қатаң сөгіс, 5-еуіне сөгіс, 2-не ескерту жарияланды). Олардың 13-і лауазымынан айырылды.
Көлік комитетінің бұрынғы төрағасына қатысты материалдарды Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия қарауда. Оның тікелей қарамағындағы үш тұлға – Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекция басшысы Петралиев, Қостанай облысы бойынша Арапбаев және Атырау облысы бойынша Сүгіров сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталды. Соңғысы қылмысты 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін, яғни заңнамалық норма күшіне енгенге дейін жасады.
Жалпы, қазіргі уақытта 13 саяси және 36 әкімшілік мемлекеттік қызметші мониторингте тұр.