Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Таулы Қарабақтағы шиеленіске араласа алмайды – сарапшы

Автор: Azattyq Rýhy

Отандық саясаттанушылар Әзірбайжан мен Армения арасындағы қақтығыстың ары қарай қалай өрбитінін болжады

Әзірбайжан мен Армения арасындағы қырғиқабақ соғыс шынайы қақтығыстарға ұласты. Осы демалыс күндері толық соғыс жағдайына көшкен тараптар бір-біріне оқ жаудырып, ондаған, тіпті жүздеген адамның қаза тапқаны туралы ақпарат айтылды. Ресей басылымдары кеше Әзірбайжан жағы 200 әскериінен айрылды деген ақпарат таратты. Ал бүгін Әзірбайжанның Қорғаныс министрлігі Арменияның 550 жауынгерін жайраттық деп есеп берді. Бірақ осы айтылғандарға дәлел болатын фото-бейнежазбалар ақпарат кеңістігінде тараған жоқ. 

Екі ел де саяси-экономикалық әрі әскери ұйымдар аясында Қазақстанмен одақтас. Azattyq Rýhy тілшісі қос мемлекеттің арасындағы жағдайға қатысты сарапшылардың пікірін білуге тырысқан. Мамандардан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ – авт.) алғышарттары негізінде қандай нақты шаралар болуы мүмкін дегенде, саясаттанушы, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы Жұмабек Сарабеков бұл ұйым Таулы Қарабақ қақтығысына араласа алмайды деді. Оның негізгі себебі – Армения мен Әзірбайжан Республикасының соғысуына әкелген аймақ ресми түрде мойындалмаған.

«Ескеретін басты мәселе – мына ҰҚШҰ, яғни ОДКБ-ның жауапкершілігі жалпы халықаралық қауымдастық мойындаған аумақтарда ғана ғана таралады. Ал Таулы Қарабақ толықтай мойындалмаған аймақ. Сондықтан бұл жерге ОДКБ-ның араласуы екіталай. Ол туралы Армения да біледі. Сол себепті, бұл ұйымның аймаққа әскер кіргізуі қарастырылып отырған жоқ. Жағдай 90-шы жылдардан бері ең шиеленіскен кезең ретінде 2016 жылы есте қалды. Ол кезде де ОДКБ тікелей араласпаған еді», - дейді саясаттанушы.

ОДКБ ОТЫЗ ЖЫЛДА ЕШТЕҢЕ ШЕШКЕН ЕМЕС

Ал танымал саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, біріншіден, ОДКБ құрылғанына отыз жылға таяп қалса да, осындай мәселелерді шешуге келгенде ұтымдылығын, нәтижелі шешімдерін бір рет те көрсеткен емес. ТМД кеңістігінде шиеленісті жағдайлар талай рет болды. Бірақ әскери одақ сөз жүзіндегі мәлімдемелермен, әскери жаттығулармен және осындай шиеленісті жағдайларда өзара консультативтік орган ретінде ғана шектелді дейді ол. Басқасына бұл ұйымның қауқары жете қойған жоқ.

«Екіншіден, сол ОДКБ-ға мүше елдердің аумағына үшінші бір күштер енген жағдайда ғана араласатын алғышарттары бар. Қазіргі Қарабақтағы жағдайда Арменияның біртұтастығына ешкім, соның ішінде Әзірбайжан қол сұғып отырған жоқ. Мұны бәрі біліп отыр. Бүкіл халықаралық құқықтар бойынша Таулы Қарабақ Арменияның жеріне жатпайды. Халықаралық келісімдер бойынша бұл ертеден Әзірбайжанның жері еді. Тағы бір айта кететін жағдай, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бір елге кіруі үшін оған мүше барлық бес мемлекет те ортақ келісім беруі керек. Тіпті, Ресей Армения жағында ойнаймын деген жағдайдың өзінде, басқа мүше мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан да бар, оны қолдауы неғайбыл», - дейді Расул Жұмалы.

Расул Жұмалы тоқсаныншы жылдардан бері жалғысып келе жатқан текетірес шарықтау шегіне жетті деп есептейді. Әзірбайжан Республикасы Таулы Қарабақты толық қайтармаса да, кейбір аудандарын алып алуға әлеуеті жетеді. Мұны Әзірбайжан толықтай сезінеді және осы жолы соғысқа үлкен жауапкершілікпен кірісіп отыр, деп санайды саясаттанушы.

«Менің ойымша, бұл 5 жылда бір екі елдің арасында болып тұратын шиеленіс. Бұл қырғиқабақ соғыстың 2020 жылы жағдайы өзгеше сияқты. Әзірбайжан қазір Таулы Қарабақты толықтай өзіне қайтарып алуы екіталай. Бірақ кейбір аудандарды кері алуға мүмкіндігі зор. Әзірбайжан осыған бекініп те, сезініп те отыр. Себебі халықтың билікке қойып отырған талабы да осы. «Жерімізді қайтарыңдар» деген қатқыл үні бар. Илхам Әлиев тарихи шындықты қалпына келтіруге мүдделі. Оның үстіне,  соңғы отыз жылда Әзірбайжан Республикасы Арменияға қарағанда әлдеқайда ауқатты, экономикасы мығым елге айналды. Армиясын да күшейтіп алды», - дейді саясаттанушы.

ШИЕЛЕНІСТЕР МЕМЛЕКТТЕР АРАСЫНДАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫСПЕН ШЕКТЕЛЕДІ

Бұл – толыққанды ақпараттық соғыс. Екі ел арасындағы жағдай шынайы әскерді қолданып соғысудан гөрі, ақпараттық майданға ұласқанын байқап отырмыз. Мұндай риторика тараптардың арасындағы жағдайды одан ары ушықтырып жіберуі мүмкін, дейді сарапшы Жұмабек Сарабеков. Себебі, Әзірбайжан билігі де, Армения билігі де өз азаматтарының көз алдында ұтылғысы келмейді. Халқының арасында жеңілген тарап ретінде көрінгісі келмейді.

«Армения билігі де, сол сияқты Әзірбайжан билігі де өзін халықаралық қауымдастық емес, өз халқының алдында жеңімпаз ретінде көрсетіп, ұпай жинағысы келетінін байқау қиын емес. Қазіргідей экономикалық дағдарыс уақытында осындай ақапарттық соғыстың саяси тұрғыдан маңыздылығы өте жоғары. Бұл кезеңде халықтың назарын басқа жаққа аударып, ұлттық-жершілдік сезімін ояту арқылы саяси ойын жүргізу биліктің таңдап алған жолдарының бірі деп қарауға болады», - дейді Сарабеков.

Оның айтуынша, қалыптасқан жағдайдың ары қарай дамуына байланысты екі сценарий бар: алғашқысы, бұл қақтығыс толыққанды соғысқа ұласпайды. Үшінші тараптың, Ресей, еуропалық елдер сияқты ойыншылардың ықпалымен тараптар жақын арада қақтығыс деңгейінен кетіп, status quo-ға қайта оралады. Яғни шиеленістер үлкен соғысқа ұласпайды. Екінші сценарий пессимистік: бұл қақтығыстар бақылаудан шығып кетеді. Ол жерге үшінші ойыншылар араласуы мүмкін. Мысалы, Түркия Әзірбайжанды толық қолдайтынын мәлімдеп жатыр, бұл жерде экскалация, яғни шиеленіс күрт өсіп кетуі мүмкін. Егер Түркия шынымен әскери көмек берсе, Ресей де қарап қалмайды. Оның Армениямен екі жақты бұрыннан келісімі бар екенін ескерсек, осы аумақта әскери базасы да барын білеміз. Көмек беретіні хақ дейді Ж.Сарабеков.

Бірақ Ресей қақтығыстың соғысқа айналуына мүдделі емес. Оның өз проблемасы жетеді. Сирия, Украина бар, оған Кавказдағы соғыс керек емес. Халықаралық деңгейде дипломатиялық келіссөздерге теңесетін ешбір құрал жоқ. Ол ОБСЕ аясындағы Минск тобы, соның негізінде тараптар келісімге келеді дейді сарапшы.

ҮЛКЕН СОҒЫС БОЛАДЫ – РАСУЛ ЖҰМАЛЫ

Таулы Қарабақ шиеленісінің ары қарайғы сценариі бойынша Расул Жұмалы соғысты ғана көріп отырмын деді. Армения жағында Ресей тұр, бірақ бұл ел үлкен соғысқа тікелей бас сұғуға құлықсыз. Бірақ кеңес беру, қару-жарақ тасымалдау сияқты астыртын көмектерді беретіні сөзсіз. Есесіне, Әзірбайжанға Ердоған үкіметі соңғы 3-4 жылда саяси тұрғыдан қолдау жасап келді дейді маман.

«Жағдайдың ушығуына Ресейдің Арменияны қолдауы емес, Түркияның Әзірбайжанға жақтасуы көбіне шешуші рөл ойнайды. Шешуші фактор осы болады. Тарихи тұрғыдан қарасақ, Қарабақ –Әзірбайжанның жері деп отырмыз. Егер Армения ол жерге шабуылды күшейтсе... Ердоғанның да күтіп отырғаны сол. Екі ел арасында өзара әскери ықпалдастық жайында келісімдер бар. Осының аясында Түркия үлкен әскери әлеуеті мен қатқыл саясатын қолдана алады. Сондықтан іс насырға шабуы мүмкін», - дейді Расул Жұмалы.

Айта кетейік, бүгін Әзірбайжан билігі де Парламенттің қолдауымен елде соғыс жағдайын енгізді. Ал Армения бұл шешімді кеше қабылдаған болатын. Тараптар мәселені отыз жыл дипломатиялық жолмен шешуге тырысты, түрлі халықаралық ұйымдарға, державаларға жүгінді. Бұл әрекеттен еш нәтиже болған жоқ. Қарабақтағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге араласып отырған елдер қақтығысты тоқтатып, келіссөз бастауға шақырып отыр.

Таулы Қарабақ төңірегінде дау Кеңес Одағы кезінен басталған. Ол кезде Таулы Қарабақ ауданы Әзербайжан КСР-і құрамына кіргенімен, аумақта армяндар көп қоныстанған. Таулы Қарабақта тоқсаныншы жылдардағы әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы