Ол кәсіподақтар еңбек адамының құқықтарын қорғау жолында мәртебелі миссия атқаратын институттың бірі екенін айтты
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіподақтары федерациясының XXVI съезінің делегаттарына үндеу жолдады.
Azattyq Rýhy үндеудің толық мәтінін жариялайды.
***
Құрметті съезге қатысушылар, Қазақстан кәсіподақтарының өкілдері!
Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі.
Түрлі кәсіппен айналысатын еңбек адамдары – ұлт игілігінің қайнар көзі.
Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл – менің нақты ұстанымым. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі.
Сіздер еңбек нарығын қарқынды дамыту, жастарды еңбек үдерісіне тарту, ел азаматтарының әлеуетін арттыру тұрғысынан мемлекетке зор қолдау көрсетіп келесіздер.
Сонымен қатар әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандары мен әдістерін үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай, тиімді іс-қимыл стратегияларын әзірлеу қажет.
Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек қайшылықтарын реттеудің және қызметкерлердің заңды мүддесін қорғаудың өркениетті тәсілдерін белсенді пайдалануы керек.
Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиациясы арқылы еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің тең құқылы диалогының арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болады. Осындай ынтымағы жарасқан ортада еңбек этикасын кемеліне келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті өрістетуге болады.
Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында еңбек заңнамасына толықтырулар әзірленді. Бұл кәсіподақ ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың әлеуметтік институттар жүйесіндегі рөлін нығайта түсті.
Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі!
Федерация осындай ұстаным мен мәртебесі арқылы мықты, белсенді әрі іскер көшбасшыларды даралап шығару керек. Мен кәсіподақтардың кадрлық құрамына жастардың қосылғанын қалаймын. Сол арқылы ашық бәсекелестікке жағдай жасалып, еңбеккер жастарға тиімді әлеуметтік мүмкіндіктер ұсынылады.
Құрметті кәсіподақ ұйымдары мүшелері!
Сіздердің алдарыңызда көптеген міндеттер тұр. Соларды шешу үшін әрдайым бірлік, кәсіби шеберлік және өз ісіңе деген адалдық қажет. Ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев