Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылады
Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы екі ел басшыларының қатысуымен өткен пленарлық отырыста қорытындыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Азаттық рухы тілшісі.
Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтары 7,5 мың шақырымға созылып жатыр. 16 жыл қатарынан ұйымдастырылып келетін форумның ең алғашқысы Омбы қаласында өткен болатын. 2003 жылдан бері екі ел арасындағы тауар айналымы 3,5 есе өскен. Биылғы форум аясында қос тарап жалпы құны 40 миллион долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойды.
Пленарлық отырыста Қ.Тоқаев В.Путинге үш жылға арналған ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту бағдарламасын жасауды, шекаралас аймақта зияткерлік мектеп ашуды ұсынды.
«Екі ел арасындағы қатынаста экология маңызды мәселелердің бірі. Себебі, қоршаған орта проблемасының мемлекеттік шекарасы жоқ. Біз оны бірлесіп шешуіміз қажет. Сондықтан келесі өңіраралық форумның тақырыбын экология тақырыбына арнап, оны Қазақстанда, Ақмола облысының Көкшетау қаласында 2020 жылы өткізуді ұсынамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен жалпы отырыстың қорытындысы бойынша екіжақты 8 құжатқа, сондай-ақ форум алаңында 12 коммерциялық келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар, облыстық әкімдіктер, коммерциялық компаниялар арасында екіжақты ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылды.
«Биылғы форум мазмұнды болды. Ресей мен Қазақстан қатынасын күшейтудің өзекті мәселелері талқыланды. Шекаралық әріптестік екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды құрамдас бөлігі. Бұл форум оның күшеюіне септесетініне сенімдімін. Сауда, инвестиция, өндірістік коперация, транспорт, білім, ақпараттық саясат саласында жасалған ешқайсысы жерде қалмайды», – деді РФ Президенті Владимир Путин.
Пленарлық отырыста «Қазақстан – Ресей» шекаралық ынтымақтастығы бағдарламасының тұжырымдамасына қол қойылды.
Эльмира Мәмбетқызы, РФ Омбы облысы