$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.08.2020, 11:17
Саясат

Праймериз өткізу аясында арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қабылданды

Қаулы бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетовамен бірлесіп бекітілген

Праймериз өткізу аясында арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қабылданды

«Nur Otan»  партиясы бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетовамен бірлесіп праймериз өткізу кезінде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар енгізу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook парақшасында мәлімдеді.

«Бүгінгі күні оған қатысуға 7670 азамат өтініш берді. Олардың 34% - әйелдер, 24,1% - 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдары 2631 адамды ұсынса, ал 5039 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар.

Тіркеу осы аптаның соңына дейін жалғасады. 7 қыркүйектен бастап үміткерлердің үгіт жұмысы басталады, оның ішінде жария пікірсайыстар 14-30 қыркүйек аралығында болады.

Сонымен бірге, қазіргі эпидемиологиялық ахуал белгілі бір шектеулер тудырып, праймериз өткізу үшін тиісті жағдай жасауды талап етуде.

Бәріміз үшін ең алдымен азаматтарымыздың денсаулығы мен амандығы маңызды.

Осыған байланысты бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетовамен бірлесіп Праймериз өткізу кезінде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар енгізу туралы қаулы қабылдадық. Оны барлық ұйымдастыру комитеттері, кандидаттар және дауыс берушілер басшылыққа алуы тиіс.

Сонымен, партияішілік іріктеуге қатысушылар маскаларды, қолғаптарды, зарарсыздандыру құралдарын пайдалануға, кемінде 2 метр әлеуметтік аралықты сақтауға, қол алысып амандаспауға және басқа да сақтық шараларын ұстануға міндетті.

Барлық іске қосылған үй-жайларда санитайзерлердің, байланыссыз термометрлердің қажетті мөлшері қамтамасыз етіледі, зарарсыздандырғыш құралдар пайдаланыла отырып, тұрақты түрде ылғалды тазалау жүргізіледі және кемінде тәулігіне 2 рет желдетіледі.

Үгіт барысында флаерлар мен буклеттерді тек маска тағып, қолғап киіп қана тарату қажет.

Кандидаттардың партия мүшелерімен кездесулері әлеуметтік желілерде бейнеконференция арқылы, ашық алаңдарда немесе желдетілетін үй-жайларда қатысушылар арасындағы қашықтықты сақтап, маска таға отырып, өтуі мүмкін.

Кандидаттардың жария дебаттары 1224 объектіде онлайн-форматта және әлеуметтік аралықты сақтай отырып өткізілуі тиіс.

2545 дауыс беру учаскесінде кабиналар мен урналар, сондай-ақ бюллетеньдерді беру орындары бір бірінен кемінде екі метр арақашықтықта болуы тиіс», - деп жазды Бауыржан Байбек.  

Бауыржан Байбектің сөзінше, енгізілген «Праймериз» ақпараттық жүйесі партияішілік іріктеудің барлық кезеңін өткізуге мүмкіндік береді, оның ішінде тіркеуді, үгітті және дауыс беруді онлайн режимді өткізуге болады. Жүйе қолдануға жеңіл, сайлаушының «таңдау құпиясын», сондай-ақ сырттан араласудан қорғауды қамтамасыз етеді. Сондықтан іс-шаралардың басым бөлігі осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып өткізіледі. 

Праймериздің ұйымдастыруға қатысты primaries.kz және nurotan.kz сайттарынан толығырақ таныса аласыз.

Серіктес жаңалықтары