Қазір партияның 840 мыңнан астам мүшесі бар
Журналистер мен ақын-жазушылар, бірнеше университет ректорларымен өткен zoom-конференция барысында «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбай праймеризге қатысамын деген адамдар үшін бірнеше маңызды мәселені атап өтті.
Ол алдымен праймеризге қатысудың талаптары мен ол талапқа қазір сай келмей отырған, бірақ қатысуға ниеті зор азаматтар үшін маңызды мәселелерді де тізбектеді.
«Жалпы, партияның праймеризін өткізу үшін шетелдік тәжірибенің озығын алдық, қисықтау (шетелдік тәжірибенің – авт.) жерлері болса, Қазақстанның жағдайына ыңғайлап, түзедік деп ойлаймын. Біз көршілес Ресейдің тәжірибесінен бастап, мұхиттың ар жағындағы АҚШ-тың, сондай-ақ, Еуропа мен Түркия елдерінің тәжірибесін алып, алдарыңызға өзіміздің праймеризді ұсынып отырмыз. Ең маңыздысы, праймеризге кез келген адам қатыса алады. Басты талап – партияның мүшесі болу. Бірақ бұған дейін партия мүшесі болмаған болса, тіпті, кейбір жерде партияға қатысты сын айтса да, ондай адамдардың да қатысуына мүмкіндік жасап отырмыз. Ең бастысы, олар екі-үш күннің ішінде партияға қосыламын, праймеризге қатысып, оң өзгерістерге бастаймын деп, яғни партия алдында «уәдесін» беріп, партияның мүшелігіне өтуі тиіс», - деп түсіндірді Арман Қырықбай.
Арман Қырықбай қазір партияға жалпы 840 мың адам мүше екенін хабарлады. Хатшы атап өткендей, көшіп кеткен, партиямен байланысын үзген, қызмет барысында жемқорлықпен ұсталған азаматтар партия қатарынан шығып, шынайы мүшелердің саны осы цифрға сыйған.
Сондай-ақ, пікірін қорытындылаған Арман Қырықбай праймеризге қатысуға ниет еткен аймақтардағы азаматтар әкімдер мен бюрократиядан қорықпасын дейді.
«Праймеризге қатысып, додадан жеңіп, өзі қатыспаса да, өзгелердің қатысуына ықпал етіп, қатысқан адам халық арасындағы проблемаларды көтеріп, шеше алса, реформа деген – сол. Ал көшеге шығу, митинг жасау өз алдына бөлек әңгіме», - деген ол проблеманы революциялық емес, эволюциялық реформа арқылы шешу керек екенін атап өтті.