$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.08.2020, 10:35
Саясат

Еуроодақ Беларусь халқына көмек бермек. Лукашенко шекара қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

Одақ Беларусьтегі наразылыққа шыққандарға қысым көрсеткендерге қарсы санкция салады

Еуроодақ Беларусь халқына көмек бермек. Лукашенко шекара қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды
Фото: bbc.com

19 тамызда Еуроодақ елдерінің басшылары шұғыл саммит ұйымдастырып, жақын арада Беларусьтің жоғары лауазымды тұлғаларына жеке-жеке санкция салуға шешім қабылдады. Сонымен бірге, 9 тамызда елде өткен президент сайлауының нәтижесін мойындамайтынын жеткізді. Еурокеңес төрағасы Шарль Мишелдің айтуынша, «қара тізімге» наразылыққа шыққандарға қатыгездік танытқандар мен сайлау нәтижесін бұрмалағандар ілінеді.

Германияның Сыртқы істер министрі Маас «La Stampa» басылымына берген сұхбатында санкция салынатын тұлғалардың тізімі тамыздың аяғына дейін белгілі болатынын айтқан.

«Біз Беларусь тарапына қысымды күшейткіміз келеді. Бейбіт наразылыққа шығушыларды қамаған, зорлаған, репрессиялық қудалау жасағандар санкцияға ілігуі тиіс... Сайлау нәтижесін бұрмалауға қатысы барларға да қарсы санкция әзірлегіміз келеді. Тізім бекітілу үстінде», - деген ол.

Санкция салынатындардың ішінде Беларусь президенті Александр Лукашенконың бар-жоғы әлі белгісіз. Бірақ Литва Сыртқы істер министрі Лукашенконың елге кіруіне тыйым салып үлгерді. Литва дипломаттары қазірдің өзінде оны экс-президент деп атап жүр.

Бұған дейін санкциялардың жеке тұлғаларға ғана бағытталатыны және Беларусь экономикасы, қарапайым халыққа зияны тимейтіні туралы Еуроодақта бірнеше рет айтылған. Осыған ұқсас санкциялар Лукашенко мен 169 шенеунікке 2016 жылы да салынған еді.

БЕЛАРУСЬ ЖҰРТЫНА АҚШАЛАЙ КӨМЕК

Аталған саммиттен кейін Еурокомиссия төрағасы Урсула Фон дер Ляйен биліктің зорлық-зомбылығынан зардап шеккен Беларусь халқына қомақты қаржылай көмек берілетінін хабарлады. Аталмыш көмек Беларусь жұртына билік арқылы емес, тікелей аударылмақ.

«Біз онсыз да Беларусьті Шығыс әріптестік бағдарламасы аясында қолдаймыз. Бірақ қазір көмекті азаматтық қоғам мен Беларусь халқының әлсіз топтарына бағыттау аса маңызды», - деді Фон дер Ляйен.

Оның айтуынша, Еурокомиссия қосымша 53 млн еуро аударады. Оның 2 млн еуросы «репрессия» құрбандарына, 1 млн еуро азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-қа, 50 млн-ы Беларусь денсаулық сақтау жүйесі мен коронавируспен күреске бағытталмақ.

ЖАҢА ҮКІМЕТ, СЫРТТАН КЕЛЕТІН АҚШАНЫҢ ЖОЛЫН БӨГЕУ

Сайлау өткеннен кейін Александр Лукашенко жаңа Үкіметті бекітіп, премьер-министрді тағайындап үлгерді. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Роман Головченко Үкімет басшысы болды. Жаңа құрамда Үкіметтің басқа мүшелерінің бәрі позициясын сақтап қалған. 

Лукашенко сонымен бірге Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, елдің құрылымдық күштеріне шекарадағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырған.

«Мемлекеттік шекара комитетіне Беларуське сырттан жауынгерлер, қару-жарақ, ақша кірмеуі үшін шекараны күшейтуді тапсырамын. Бәріне емес, ақша тапқысы келетіндерге төлеп жатыр. Көшеде гүл ұстап тұру үшін, тағы бірнәрселер жасау үшін беріп жатыр. Бәрі бірдей ондай дей алмаймын. Бірақ, ашық түрде үлкен көлемде қаржы жіберіліп жатыр», - деген ол.

Ал Ішкі істер министрі елдегі, әсіресе Минскідегі толқуларды тоқтатуға нұсқау берді. Сыртқы істер министріне Батыс елдері басшыларына елде «шын мәнінде» не болып жатқанын жеткізуді, алауыздық тудырғандары үшін жауапкершілік бар екенін, қаржы жіберуді тоқтату қажет екенін ескертуді тапсырды.

Кеше TUT.by сайты Минскідегі әскери госпитальде 43 жастағы Геннадий Шутовтың қайтыс болғанын хабарлады. 11 тамызда Бресттің Мәскеу ауданында оның басына оқ тиген. Туыстары екі күн таба алмай, Минскіге тікұшақпен жеткізілгенін кейін білген.

Беларусь қалаларындағы митингтер әлі жалғасып жатыр.

Лукашенко қолдаушылары да екінші рет Минск, Бобруйск және Борисовта митинг ұйымдастырып үлгерді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары