Қарағанды облысының әкімі праймеризге қатысты пікір білдірді
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек 17 тамыздан бастап ел тарихында алғаш рет өткізіліп жатқан праймериз жайлы пікір білдіріп, партияның уақыт талабына сай жаңарып келе жатқанын атап өтті.
«Nur Otan» партиясы уақыт талабына сай жаңару жолына түсіп, жаңа белестерді бетке алып келеді. Елбасының тапсырмасымен басталған «Nur Otan» партиясының праймеризі соның бір айғағы. Праймериз – партияның ең сенімді әрі белсенді мүшесін анықтау мақсатында өткізіледі. Сайлауалды бағдарламаларын, оны іске асыру жөніндегі нақты қадамдарын ұсынған, көпшілік дауысқа ие болған үміткерлер сайлауалды тізімге енетін болады. Кеше ғана басталған праймериз біздің өңірімізде де өткізілетін болады», - деді ол.
Облыс әкімінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қарағанды облысында «Nur Otan» партиясының 90 мыңнан астам мүшесі бар.
«Қазір облыста «Nur Otan» партиясының 90 мыңнан астам мүшесі бар. Олар - білім, медицина, мәдениет, спорт және тағы басқа өзге де сала өкілдері. Праймеризге бастауыш партияның мүшелері және өзін-өзі ұсынғысы келетін азаматтар қатыса алады. Сонымен қатар, партияішілік іріктеуге қатысуға белсенді жастар мен әйелдерге арнайы квоталар бөлінген», - деді әкім.