Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысы тұрғындарын праймеризге белсенді қатысуға шақырды

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс басшысы үндеу жасады

«Nur Otan» партияcы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова партияішілік іріктеу – праймериз өткізудің басталуына орай үндеу жасады.

«Nur Otan» партияcы Қазақстанның партиялық-саяси даму тарихында алғаш рет жалпыреспубликалық масштабта праймериз өткізуде. Партияішілік іріктеудің негізгі мақсаты – Парламент Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру үшін бәсекелі және айқын негізде мықты көшбасшыларды анықтау. Бұл үшін нұротандықтар қоғамның сеніміне ие болған беделді партия көшбасшыларын өздері таңдайтын болады», - деді облыс басшысы.

Өңір басшысы Қазақстан тарихында алғаш рет өтіп жатқан праймериз коронавирус пандемиясы кезеңімен сәйкес келгенін, осыған байланысты партияішілік іріктеуге арналған шаралардың басым бөлігін онлайн форматта өткізу тапсырылғанын айтты.

«Өкінішке қарай, праймериз коронавирус пандемиясы кезеңімен сәйкес келді. Сондықтан «Nur Otan» партияcының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, партияның барлық күші коронавируспен күрес жағдайында қолдауға мұқтаж қазақстандықтарға көмек ұйымдастыруға бағытталып, праймериз жағдай тұрақталғанға дейін кейінге қалдырылды. Осыған орай, партияішілік іріктеуге арналған шаралардың басым бөлігін онлайн форматта өткізу тапсырылды. Қазіргі таңдағы жаңа цифрлық мүм­кіндіктерді халықтың қарқынды қолдануын ескерсек, онлайн-формат – партияның ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етумен қатар, тұрғындармен кері байланысты барынша күшейтуге де мүмкіндік береді», - деді ол үндеуінде.

Қызылорда облысының әкімі праймериз заңды, әділ әрі ашық өтетініне сенім білдірді.

«Праймериздің бұл басты ерекшелігі – партия басшылығының халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған шараларының жалғасы.

«Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидасын басшылыққа алып отырған праймериз заңды, әділ, ашық, адал да бәсекелік негізде өткізіліп, халықтың өзекті мәселелерін білетін және оларды шешуге қабілетті нағыз көшбасшыларды анықтайтын болады.

Бұдан бөлек, праймериз партияға қатыстылығына қарамастан, үміткерлердің барлығына бірдей қоғамның мүддесін білдіруге мүмкіндік береді. Түрлі әлеуметтік топтар, әсіресе әйелдер мен жастар үшін бірдей мүмкіндіктер ұсынылған. Жалпы, праймериз өткізу қазіргі заманғы қазақстандық қоғамды үдемелі демократияландыру процесінің айғағы болып табылады», - деп тоқталды өңір басшысы.

Облыс басшысы үндеуінде барлық шынайы патриоттарды, бастамашыл және жауапкершілігі мол отандастарды аймақ пен елді қарқынды дамыту мен өркендету мақсатында праймеризге белсенді қатысуға шақырды.