Бауыржан Байбек партияішілік праймериздің күнтізбелік жоспары бекітілгенін хабарлады

Автор: Azattyq Rýhy

Кандидаттардың рейтингі көрсетілген праймериз нәтижесі 5 қазанда жарияланады

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісінде партияішілік сайлаудың республикалық күнтізбелік жоспары бекітілгенін хабарлады.

Елбасының тапсырмасымен «Nur Otan» праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық ауқымда өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі.

«Кандидаттар праймеризге бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. Бұл ретте партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін «Nur Otan» партиясының қатарына қосылу керек.

Бүгін Орталық ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті. Жиын барысында партияішілік сайлаудың республикалық күнтізбелік жоспары бекітілді», - деп жазды ол.

Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып 28 тамызға дейін жалғасады. Үміткерлерге үгіт жұмыстарына дайындалу үшін 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін 7 күн беріледі.

«7 қыркүйектен 3 қазанға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт жұмыстарын, оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өткізу қарастырылған. Пікірсайыстар партияның ресми аккаунттарында таратылатын «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтеді.

Осыған байланысты, партия Төрағасының тапсырмасымен онлайн-форматта дауыс беру үшін платформа әзірленді. «Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланысты күшейтуді, жұртшылықтың пікірін ескере отырып, түрлі бастамалар мен заң жобаларын онлайн-талқылау мүмкіндігін көздейді», - деп жазды Б. Байбек.

1 қазан (00-00) мен 3 қазан (14.00) аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр.

Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елдімекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады. Кандидаттардың рейтингі көрсетілген праймериз нәтижесі 5 қазанда жарияланады.