«Қазатомөнеркәсіптің» қос топ-менеджері екі ай мерзімге қамауға алынды

Автор: Алмас Ерсін

«Қазатомөнеркәсіптегі» кадрлық өзгерістер жалғасып жатыр

Фото: facebook.com/Қуаныш Омарбеков

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі мен өзге де қызметкерлерін ұстағаннан кейін олардың екеуі қамауға алынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚК-нің Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, екі ай мерзімге «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Қ. Омарбеков пен компания департаментінің бас менеджері Е. Байқұлов қамауға алынған.

Мұндай бұлтартпау шарасы 26 қарашада тергеу сотының санкциясымен қолданылған.

«Бұл шешім тағылған айыптардың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, сондай-ақ ықтимал сыбайластар мен куәгерлерге қысым көрсетудің, дәлелдемелерді және қылмыстық жолмен алынған мүлікті жасырудың алдын алу мақсатында қабылданды», – деп мәлімдеді комитет.

ҰҚК мәліметінше, іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған процестік әрекеттер жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

«Қазатомөнеркәсіптегі» ұстаулар

Еске салайық, 25 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті ұстаған болатын.

Сондай-ақ өзге де адамдардың ұсталғаны хабарланды. Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.

Осыған байланысты «Қазатомөнеркәсіп» баспасөз қызметі Директорлар кеңесінің 24 қарашадағы шешімімен компания басқарма мүшелері – коммерция жөніндегі бас директор Владислав Ерханович Байғожин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Алтынбекұлы Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлаған еді.

Компанияның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықов 26 қарашада өз өтініші бойынша қызметінен босатылған.