«Әділет» партиясы Абай облысындағы сайлауалды науқанның қорытындысын шығарды

Автор: Бақыт Шынар
Фото: партияның баспасөз қызметі

Абай облысында «Әділет» партиясының сайлауалды науқаны аясында 6000 жуық іс-шара өткізіліп, 300 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл – тек ұйымдастырушылық жұмыстың ауқымын көрсететін статистика емес. Ең бастысы, науқан барысында өңір тұрғындарының талап-тілектері тыңдалып, жергілікті мәселелер зерделеніп, алдағы бес жылға арналған саяси жұмыстың басымдықтары айқындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партия филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының сайлауалды штабының қорытынды отырысы өтіп, онда үгіт-насихат науқанының нәтижелері сараланды. Сонымен қатар сайлаушылардан түскен ұсыныстарды жүйелеу, партияның 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру және дауыс беру күніне дайындық мәселелері қаралды.

Сайлауалды науқан облыстың барлық қалалары мен аудандарын қамтыды. Кандидаттар еңбек ұжымдарымен, ауыл тұрғындарымен, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесіп, түрлі кездесулер мен мобильді үгіт топтарының жұмысын ұйымдастырды.

Кездесулер барысында елді мекендердің инфрақұрылымы, ауызсу, жол, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді. Бұл мәселелердің әрқайсысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан сайлауалды кездесулер партия бағдарламасын таныстырумен ғана шектелмей, халық сұранысын нақтылауға және жергілікті деңгейдегі проблемаларды анықтауға мүмкіндік берді.

«Біз науқан барысында тұрғындармен ашық сөйлесіп, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдауға басымдық бердік. Әр кездесуде көтерілген мәселенің өзіндік маңызы бар. Ендігі міндет – бұл ұсыныстарды жүйелеп, тиісті деңгейде қарастыру және депутаттық жұмыс барысында халықтың мүддесін басшылыққа алу. Біз үшін сайлаушылар сенімі – үлкен жауапкершілік», – деді «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Ибраев.

Қорытынды отырыста партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бағдарлама тоғыз басым бағытты қамтиды. Олардың қатарында заң мен тәртіп, тиімді институттар, қуатты өңірлер, әділетті экономика, цифрлық мемлекет, әлеуметтік ынтымақтастық, адам әлеуетін дамыту, жаңа мәдениет және экологиялық жауапкершілік бар.

Аталған бағыттардың әрқайсысы Абай облысының даму қажеттіліктерімен тікелей байланысты. Мәселен, «Қуатты өңірлер» бағыты аясында тұрғын үй құрылысын дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру және жол сапасын жақсарту міндеттері белгіленген.

Партияның өңірлік бағдарламасында осы бағыттың негізгі мақсаты тек тұрғындарды баспанамен қамтып қана қоймай, сапалы коммуналдық қызмет көрсетілетін, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруге қолайлы өңір қалыптастыру да бар. Осы міндеттер аясында жыл сайын кемінде 348 мың шаршы метр тұрғын үй салу, 2031 жылға қарай автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 97 пайызға жеткізу, 43 сумен жабдықтау нысаны бойынша жұмыстар жүргізу көзделген. Отырыста сайлаушылардан түскен ұсыныстарды облыстық, қалалық және аудандық мәслихат деңгейлері бойынша жүйелеу қажеттігі де атап өтілді.

Сеніммен нәтижелі жұмысқа қол жеткізу үшін 29 қарашада өтетін дауыс беру күніне дайындық мәселелері де қаралды. Кандидаттардың, сайлауалды штабтардың, сенімді өкілдер мен байқаушылардың ұйымдастырушылық дайындығына назар аударылды.

Жалпы, сайлауалды науқанның қорытындысы партия үшін келесі кезеңнің міндеттерін айқындады. «Әділет» партиясы үшін басты ұстаным – әр шешімде халық мүддесін басшылыққа алып, өңірдің әлеуетін дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға басымдық беру болып табылады.

29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауында өз таңдауыңызды жасаңыз! Абай облысының тұрақты дамуы, әділетті шешімдер мен халық мүддесін қорғайтын өкілдік үшін «Әділет» партиясына дауыс беріңіз!

Дайындады: «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Ибраев А.М.
Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.