Тоқаев Ресейдің ғылым мен технологиядағы жетістіктерін атап, «Сбер» мен «Яндекс» компанияларының жоғары технологиялық әзірлемелеріне тоқталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы деңгейі аса жоғары мамандардың басын қосқан форумға шақырғаны үшін Президент Владимир Путинге алғыс айтып, Ресейдің ғылым мен технологиядағы жетістіктеріне оң баға берді.
«Ресей ежелден данышпан ғалымдарымен, әсіресе, инженерия саласындағы өнертапқыштарымен танымал. Дәл осы жерде Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Иван Кулибин, Николай Лобачевский, Андрей Колмогоров, Александр Попов, Сергей Королев, Константин Циолковский, Игорь Курчатов, Петр Капица және басқа да көптеген ақыл-ой алыптарының есімдерін атау орынды болар еді. Олардың бәрін бірдей атап-түстеуге қағаз да, уақыт та жетпейді. Академик Сергей Лебедевтің жетекшілігімен әлемдегі ең алғашқы электрондық есептеуіш машиналарының бірі жасалды. Бұл жаңа тұрпатты технологиялық жүйенің қалыптасуындағы маңызды кезең болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мәліметіне сәйкес, Ресей бірегей конструкциялар мен модельдер өндірісіне берілген өтінімдер бойынша әлемде екінші орын алады. Оның адамзат дамуындағы маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Ресейдің жетекші технологиялық компанияларының, соның ішінде «Сбер» мен «Яндекстің» заманауи әзірлемелері жоғары технологияның дамуына қызығатын, ақ-қараны ажырата білетін кез келген адамды таңғалдырмай қоймайды. «Яндекс» те, «Сбер» де біздің нарықта кеңінен танымал. «Яндекс» шын мәнінде Қазақстандағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. «Курчатов институты», «Сколково», «Иннополис», «Технополис» және басқа да маңдайалды мекемелер Ресей мемлекетінің инновациялық инфрақұрылымы қаншалықты ауқымды екенін анық көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.