Президент Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы бүгін президент Серіктестер форумында айтты

Фото: Ақорда

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің айтуынша, қазір Қазақстанда үш ірі қала бар, соның ішінде, Астана мен Алматы еліміздің зияткерлік, ғылыми және мәдени орталығына айналған. Себебі бұл қалаларда Қазақстандағы жетекші ұлттық университеттер орналасқан.

«Ендігі кезекте Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалды. Шаһарда Аризона штаты университетінің (Arizona State University) білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды. Бүгінгі форумға бұл университеттің ректоры, профессор Угур Унал қатысып отыр. Бүгін сөз сөйледі. Сізге ризашылығымызды білдіреміз», - деді президент.

Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейту үшін президент маңызды шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым. Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс», - деді Тоқаев.