«Темірдей» логика керек»: Тоқаев жаңа реформаларға тәртіп пен сабақтастық керек екенін мәлімдеді

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы президент мәлімдеді

Фото: Ақорда

Бүгін III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі реформалардың басты ерекшелігіне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тоқаевтың пікірінше, алдымызда тұрған мақсат – шын мәнінде айбынды.

«Біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, адал еңбек пен айрықша жауапкершілік қасиеттерін жоғары бағалайтын Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын қолға алдық, соның арқасында азаматтарымыздың бойында жаңа этика мен мүлде жаңа сипаттағы бітім-болмыс қалыптаса бастады», - деді Тоқаев.

Бұл ретте Тоқаев жаңа Конституция ауқымды өзгерістердің жаңа, шешуші кезеңіне жол ашқанын, елімізде мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі жаңғырғанын атап өтті.

«Қазақстан реформаларының ерекшелігі, бұл – алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес ішкі «темірдей» логиканың болуы, яғни, нақты тәртіп пен сабақтастықтың сақталуы. Себебі ауқымды өзгерістер мен үстірт көзқарас ешқашан бірге жүрмейді, бір-біріне кедергі болады. Бұл – заңды нәрсе. Осылайша, түбегейлі реформалар жүргізу арқылы Қазақстан жаңа тарихи өсу, өрлеу дәуіріне қадам басты», - деді Тоқаев.