Ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды – Тоқаев

Автор: Бақыт Шынар

Президент III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп жатыр

Фото: Ақорда

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп, ғылым мен стратегиялық шешімдердің маңызына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда жазғандай, президент бұл форумды өте маңызды деп санайды.

«ІІІ Стратегиялық серіктестер форумына жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім саласының білікті мамандары және сарапшылар қатысып отыр. Осы алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Бұл – өте өзекті тақырып. Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек. Сіздердің, яғни, ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды», - деп мәлімдеді Тоқаев.

Осыған орай, Тоқаев атап өткендей, бүгін ғылымның даму жолына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты құнды пікірлер, тиімді ұсыныстар айтылып жатыр.

«Мұның бәрі де отандық және шетелдік жоғары білім саласының әлеуетін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің әлем өркениетіндегі орны айрықша. Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек», - деді президент.