«Президент әуел бастан хабардар болды»: Тоқаевтың кеңесшісі «Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» ісіне қатысты тың ақпарат айтты

Автор: Бақыт Шынар

Смадияровтың айтуынша, күдіктілерді ұстау кезінде күштік құрылымдар қате жіберген

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысын ауыстырған еді. Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бұл ауыс-түйістің себеп-салдарын ақтарып айтып берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жалпы, Смадияровтың мәліметіне сүйенсек, негізінен президент Ермек Сағымбаевты басқа жұмысына ауысуына байланысты лауазымынан алып тастаған. Бірақ, жуырда Астанадағы оқиғаның да қатысы бар көрінеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген», - деп хабарлайды Смадияров.

Және баспасөз хатшысы атап өткендей, Тоқаев бұл жемқорлық ісіне қатысты тергеу туралы әуел баста білген екен.

«Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады. Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді», - деп хабарлады Смадияров.