Қазақстан мен Тәжікстан 2030 жылға дейінгі ынтымақтастық жоспарын әзірлейді: президенттер БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді

Автор: Дәулет Ботагөз

Тәжікстан президенті құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-тәжік қарым-қатынасының дамуына Эмомали Рахмонның қосқан үлесін айрықша атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгінгі сапардың символдық мәні терең, өйткені екі ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Егемен ел болғалы Қазақстан да, Тәжікстан да табысқа толы үлкен жолды еңсерді. Тәжікстан Сіздің беделді басшылығыңызбен мемлекеттілік тұғырын нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық дамуда орасан жетістіктерге қол жеткізді, халықаралық аренада абыройын арттырды. Сіздің еліңіз Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі Тәжікстанның барлық табысын Сіздің есіміңізбен және халықтың қолдауына арқа сүйеген парасатты әрі жасампаз саясатыңызбен байланыстырады. Қазақстан қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде күшті әрі өркендеген мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдарыңызға зор құрметпен қарайды», – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан арасында қандай да бір шешілмеген немесе түйіні тарқамайтын мәселе жоқ екеніне, керісінше өзара ынтымақтастық ілгерілеп келе жатқанына назар аударды. Сондай-ақ Тәжікстанның ұлттық көшбасшысы Эмомали Рахмонға жуырда ғана тағайындалған Qoja Ahmet Yasaui орденін табыстағанын айтты.

«Тәжікстан президентінің білім, ғылым, мәдениет салаларына және халықаралық қоғамдастыққа сіңірген елеулі еңбегіне құрмет ретінде берілген бұл марапаттың мәні айрықша. Қожа Ахмет Ясауи – өңірімізге білімпаздық, гуманизм және өркендеу қағидаттарын ту еткен ілімді таратқан жаһандық ауқымдағы тұлға. Біздің қазіргі болмыс-бітіміміздің қалыптасуына Қожа Ахмет Ясауидің де үлесі бар. Оның ілімі қазақ халқының діліне, этникалық түп-тамырына және дүниетанымының дамуына ықпал етті. Сондықтан мен бүкіл ел көлемінде жоғары сыныптардан бастап университеттерде, әскер қатарында, құқық қорғау органдарында және басқа да мекемелерде Ясауи ұлағатының мән-мағынасын түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырдым. Бұл уақытша науқан емес, ауқымды идеологиялық жұмыс. Әңгіме соқыр сенім, көзсіз пір тұту туралы емес, керісінше, ұлы ойшыл, ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің ғылыми, әдеби, философиялық мұрасын терең түйсінуде болып отыр. Сондықтан аталған жоғары награданы тағайындадым. Дәл осы себепті оны бүгінгі құрметті қонағымыз Эмомали Шарипович Рахмонға табыстадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Қазақстан президентінің айтуынша, бүгінгі келіссөздер жемісті өтіп, қос тарап сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді. 

«Біз сенім мен өзара құрмет сипатында өрбіген әңгіме барысында көптеген мәселені талқылап, мемлекетаралық ықпалдастықтың негізгі басымдықтарын айқындадық. Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мән берілді. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымы 2 миллиард долларлық межеге таяп қалды. Нәтижесінде Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне енеді. Қадірлі Эмомали Шариповичпен өзара алыс-берісті жандандыратын қажетті шаралар қабылдауға келістік. Бүгін осы мақсатқа жетуді көздейтін 2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасы қабылданды. Екі ел үкіметтеріне аталған міндетті сапалы орындау жүктелді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, аграрлық секторда мүмкіндік мол. 

Өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімі 11 пайызға өсіп, шамамен 600 миллион долларды құраған. Бұл – бүкіл тауар айналымының тең жартысы. 

Келіссөз қорытындысы бойынша мемлекеттердің бір-біріне жеткізетін азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайтуға дайын екені айтылды. 

Бұл саладағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін толыққанды өндіріс тізбегін құру мүмкіндігі талқыланды. 

Мемлекет басшысы экономикалық өсімге тың серпін беретін бірлескен жобаларды іске асыруды маңызды міндет ретінде атады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, өңдеу өнеркәсібі секторларындағы өзара тиімді серіктестіктің келешегі зор деп санайды. 

Бұл ретте сапар қарсаңында өткен Қазақ-тәжік бизнес форумы екі ел кәсіпкерлерінің көптеген бағытта байланысты жолға қоюға мүдделі екенін растады. 

Сонымен қатар президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті жандандырудың маңызына тоқталды.

«Былтыр елдеріміз арасындағы авто және теміржолмен жүк транзиті көлемі сәйкесінше 8 және 15 пайызға ұлғайып, шамамен 7 миллион тоннаны құрады. Тасымалдаушыларға жасалған жағдай биыл да оң динамиканы сақтауға мүмкіндік берді. Көлікті цифрландыру мәселесіне баса назар аудару жөнінде уағдаластық. Бұл жүкті іркіліссіз жеткізуді қамтамасыз етеді. Аталған бағытты одан әрі дамыту үшін басты көлік-логистика жобаларын іске асыру перспективасы пысықталады. Ұлттық теміржол компаниялары деңгейіндегі жұмыс тобына ынтымақтастық бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында су-энергетика саласына айрықша мән берілгенін жеткізді. 

«Қазақстан трансшекаралық өзендер қорын пайдалану мәселесіне қатысты бірізді саясаты мен қолдауы үшін тәжік тарапына алғыс айтады. Біз осы бағыттағы конструктивті ықпалдастықты жалғастыруға келістік. Су саласына цифрлық шешімдерді енгізу, су ресурстарын есепке алу және мониторинг жүйесін бірлесе дамыту – басым міндет», – деді президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, екі елдің IT-сектордағы ынтымақтастығы мол мүмкіндікке жол ашады. 

«Кейінгі жылдары еліміз мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын дамыту ісінде едәуір табысқа қол жеткізді. Бұған дейінгі уағдаластықтар аясында тәжік тарапына электрондық үкімет платформасының цифрлық шешімдері берілді. Тәжікстандық мамандар Қазақстанның үздік IT-мектептеріндегі тағылымдама курстарын ойдағыдай аяқтады. М. Осими атындағы Тәжік техникалық университеті жанынан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қатысуымен бірлескен ақпараттық технологиялар факультеті ашылды. Осы іспетті жобалар елдеріміздің технологиялық тұрғыдан өрлеуіне септігін тигізетініне сенімдімін. Барлық бағыттағы ауқымды жұмысты жүйелеу үшін Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсындық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту шараларына арнайы тоқталып өтті.

«Тұрақты түрде өткізіліп тұратын Мәдениет күндері, шығармашыл зиялы қауым өкілдері арасындағы белсенді диалог, көрнекті тұлғаларға ескерткіш ашу – мұның бәрі азаматтарымыздың қызығушылығын тудыратын дүниелер. Сондай-ақ біз білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделіміз. Қазақстан аймақ елдері ішінде Тәжікстан студенттеріне ең көп білім грантын береді. Жыл сайын 100 орын бөлінеді. Тәжік әскерилерін Қазақстанның оқу орындарында оқытуды жалғастыруға дайынбыз. Бұл жұмысты жүйелі әрі ұзақмерзімді негізде жүргізу үшін әскери кадрларды даярлау саласындағы үкіметаралық келісімге қол қойылды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, екі елдің өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымы бір екенін айтты. Қазақстан мен Тәжікстан көпжақты алаңдарда ортақ мүддені бірлесе ілгерілетуге әзір. 

«Келіссөз барысында Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше ден қойдық. Өңірдің орнықты дамуы – бауырлас халықтардың түпкілікті мүддесіне сай келетін ортақ мақсат. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2028-2029 жылдардағы тұрақты емес мүшесіне үміткер ретінде Тәжікстанның ұсынылуын қуана қабыл алды. Біз Тәжікстанның кандидатурасын қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Тәжікстан президенті құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытқаны, сондай-ақ жоғары мемлекеттік награда – Qoja Ahmet Yasaui орденіне лайық көргені үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты. 

«Тәжік-қазақ қарым-қатынасын өркендетуге қосқан аздаған үлесіме берілген осы жоғары баға менің ғана емес, халқымның еңбегіне көрсетілген сый-құрмет деп санаймын. Бауырлас Қазақстанға әр сапарым жарқын сәттерімен есте қалады. Достас қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі табыстары және халықаралық аренада абырой-беделінің асқақтауы қуантады. Біз өркендеу мен гүлдену жолындағы Қазақстанның үйлесімді дамуына негіз қалайтын кейінгі жылдардағы реформаларды жоғары бағалаймыз. Бүгінгі келіссөз конструктивті саяси диалог, өзара сенім мен түсіністік сипатында өрбіді. Екіжақты күн тәртібіндегі көптеген мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Келіссөз қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдеме ынтымақтастығымызды одан әрі дамытудың басты бағыттарын айқындады», – деді Эмомали Рахмон.