Атырауда мәдениет және спорт қызметкерлері Жолдаудағы негізгі басымдықтарды талқылады
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы қазір өңір-өңірді аралап жүр
Атырау қаласындағы Абай орталығына барған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қаладағы мәдениет және спорт саласының өкілдерімен кездесіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күнгі Жолдауындағы негізгі басымдықтар мен міндеттерді талқылаған және жиналған қауымға жан-жақты түсіндірген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, талқылауға Құрылтайдағы «Әділет» партиясының депутаттары Арман Хайруллин мен Мұса Хайруллиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев, Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхамбетовтер қатысқан.
«Жиын барысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары, экономиканы жаңғырту, әлеуметтік саясатты жетілдіру және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту, еңбек нарығын жетілдіру және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағыттары да назардан тыс қалмады», - деп хабарлайды әкімдік.
Дереккөзге сүйенсек, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы бұл кездесуден басқа, Атырау облысының өзге де алаңдарында бас қосады.