Аббат Өрісбаев нақты жобаларға тоқталып өтті
Құрылтайдағы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Аббат Өрісбаев Маңғыстаудағы логистикалық әлеуеті туралы сөз қозғап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы маңызды міндеттеріне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат атап өткендей, Маңғыстау Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыратын стратегиялық өңір деді.
«Мемлекет басшысының Жолдауында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Қазақстанның халықаралық саудадағы орнын нығайтатын басым бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Географиялық орналасуы мен табиғи мүмкіндіктері елімізге Еуразия кеңістігіндегі маңызды көлік торабына айналуға жол ашады. Ендігі міндет - осы артықшылықты нақты экономикалық нәтижеге айналдыру», - деді депутат.
Ал «Бақты - Аягөз» теміржол желісі, «Арал - Каспий» бағыты және «Бейнеу - Сексеуіл» автомобиль жолының маңызына тоқталған Өрісбаев бұл жобалар елдің көлік байланысын кеңейтіп, жүк тасымалының тиімділігін арттыруға көп септігін тигізді дейді. Бұл құрылыстар аяқталса, Қазақстанның өңірлері арасындағы байланыс нығайып қана қоймай, отандық өндірістің дамуына, сауда айналымының өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік бермек.
«Бұл ретте Маңғыстаудың орны ерекше. Каспий теңізінің жағасында орналасқан өңір - еліміздің батысқа шығатын маңызды қақпаларының бірі. Ақтау портының мүмкіндігін тиімді пайдалану, теңіз, теміржол және автомобиль көлігінің өзара байланысын күшейту еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Көлік дәліздері дамыған сайын Маңғыстаудың инвестициялық тартымдылығы да артып, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер ашылады», - деді Аббат Өрісбаев.
Алайда, Құрылтай депутаты атап өт кендей, инфрақұрылымның дамуын тек салынған жолдардың санымен немесе тасымалданған жүктің көлемімен бағалау аз дейді. Ең бастысы - оның халықтың тұрмыс-тіршілігіне, өңір экономикасына және жергілікті кәсіпкерліктің өркендеуіне қаншалықты пайда әкелгені маңызды.
«Жаңа жобалар тұрақты жұмыс орындарын ашуға, логистика шығындарын азайтуға, отандық өнімнің нарыққа шығуын жеңілдетуге және жергілікті бюджет кірісін арттыруға қызмет етуі керек. Осы мақсатта облыс әкімдігі тарапынан инвестиция тарту, іскерлік байланыстарды нығайту және жаңа экономикалық жобаларды іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті дамыту, инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын бақылау және олардың тиімділігін бағалау өңірдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды», - деді депутат.
Сонымен бірге көлік-логистикалық әлеуетті толық пайдалану үшін жол сапасы, инженерлік инфрақұрылым, порттардың өткізу мүмкіндігі және логистикалық қызметтердің қолжетімділігі өзара үйлесімді дамуы қажет. Сонда ғана Маңғыстау арқылы өтетін әрбір көлік дәлізі ел экономикасына нақты табыс әкелетін тетікке айналады.
«Жол - елді жалғайтын күретамыр, ал логистика - экономиканың қозғалысын қамтамасыз ететін маңызды күш. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынған инвестицияның нәтижесі халықтың әл-ауқатынан, бизнестің мүмкіндігінен және өңірдің экономикалық өсімінен көрінуі тиіс. Маңғыстаудың географиялық артықшылығы - оның мүмкіндігі, ал сол мүмкіндікті ел игілігіне жарату - ортақ міндет. Каспий жағасындағы қасиетті өлкенің әлеуеті толық ашылып, қолға алынған бастамалар нақты нәтижесін берсе, Маңғыстау Қазақстанның халықаралық көлік-логистикалық жүйесіндегі беделін одан әрі нығайта түседі», - деді сөзін түйіндеген депутат.
Естеріңізге сала кетейік, осы Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын жақсартатын «Халықтық құрылыс» атты бағдарламаға бастау берген еді.