Тоқаевтың Жолдаудағы сынынан кейін төрт сағат өте алғашқы топ-менеджер жұмысынан айырылды

Автор: Бақыт Шынар

Ол топ-менеджердің аты – Қайрат Мақсұтов

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін «Самұрық-Қазына» қорының басқармасы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басқарма төрағасы болған Қайрат Мақсұтовты жұмысынан босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы үкіметтің ресми аккаунттары жариялады. Үкімет сондай-ақ бұл шешімге Мақсұтовтың сапасыз жұмысы себеп болғанын мәлімдеді.

«Бұл шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын баяу жүргізгені үшін, сондай-ақ жаңа генерациялау қуаттарын салу мен пайдалануға беру мерзімдерін жеткілікті деңгейде бақыламағаны үшін қабылданды», - деп хабарлайды үкімет.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында дәл осы Мақсұтов жауапты болған саланы қатты сынаған. Тоқаев энергетика саласында түкке керегі жоқ форумдар өткізгенше, жылу электр орталықтарын уақытында салып біту керегін меңгезен еді.

Әрі президент энергетика саласында әлдекімдер оңай-оспақ «бизнес» ашып алып, президентті «ол бизнестің қалыпты» екеніне сендірмек болғанын айтып, сын айтқан.