Тоқаев халықтың әл-ауқатын жақсартатын «Халықтық құрылыс» атты бағдарламаға бастау берді

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы президент бүгін Жолдауда айтты

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Қазақстан халқына арналған Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа бағдарламаға бастау берді. Оның аты - «Халықтық құрылыс» деп аталмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінетінін, көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылатынын айта келе, үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді деп мәлімдеді.

«Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек. Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін», - деді Тоқаев.

Президент атап өткендей, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ.

«Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін», - деді Тоқаев.