Бүгін президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі
Бүгін ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдердің ең үлкен байлығы достық пен рухани мұра екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ең алдымен Тоқаев өзге елдерден келген әріптестеріне ілтипат білдіріп, бұл саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған әрі қонақжайлық танытқан Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтқан. Әрі Түрікменстан Ұйымға төрағалық еткенде жақсы нәтижелер көрсеткенін мәлімдеді.
«Осыған орай, құрметті әріптес, Сіздің жоғары кәсіби деңгейдегі жұмысыңызға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі саммит Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Ұйымның бастауында тұрды. 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы шын мәнінде мемлекеттеріміздің тарихындағы бетбұрысты сәт болды», - деді Тоқаев.
Жалпы, сөз басында Тоқаев ТМД-ның ең үлкен байлығы – халықтар достастығы, ортақ мәдени және рухани мұра екеніне назар аударды.
«Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа құрылымы қалыптасып келеді. Жаһандық экономикалық байланыстар жүйесі күйрей бастады. Технологиялық бәсеке күшейді, белгісіздік белең алып, алдағыны болжау қиындай түсті. Мұндай жағдайда тікелей және сенімді диалог өрбітіп, әр мемлекеттің мүддесін ескеретін ортақ шешім табу ерекше маңызды. Достастықтың ұдайы сұранысқа ие ұйым болуының бірден-бір себебі осы деп ойлаймын», - деді Тоқаев.