Бұл туралы Ақорда хабарлады
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы 14 әскеридің қазасына байланысты тағы да шұғыл жиын өткізіп, арнайы құрылған комиссияның алғашқы есебін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Тоқаев атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады», - деп хабарлайды Ақорда.
Жиында айтылғандай, Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкере еткен.
«Алдын ала тергеу әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателік болғанын және және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті», - деп хабарлайды Ақорда.
Бұл ретте Тоқаев жаңа Қорғаныс министрі тағайындалғанын, одан басқа министрлікке жаңа лауазымды тұлғалар келгенін, бірақ бұл 14 сарбаздың қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың бәрі де заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
«Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғады», - деп хабарлады Ақорда.