Қазақстан Президенті Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесу өткізді

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстан мен Бавария өнеркәсіп, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Бавария Премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Баварияға шақырып, қонақжайлықпен қарсы алғаны үшін Премьер-министр Маркус Зёдерге алғыс айтты. 

«Баварияның өзіне тән ерекшелігін, экономикалық қуатын, инновациялық әлеуетін жоғары бағалаймын. Кеше Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Уағдаластықтарымызды нақты нәтижеге айналдыруға ниеттімін әрі аталған мәселеде Баварияны басты серіктес ретінде қарастырамын. Бұл – өнеркәсіп пен ғылымдағы өзінің озық жетістіктерін дәстүрге деген айрықша құрметімен ұштастырған өңір. Осы арқылы Бавария Германия экономикасын алға сүйреп, экономикамызды жаңғырту мен әртараптандыруда Қазақстанның сенімді серіктесі болып отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Баварияның технологиялық табыстары мен Қазақстанның ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетін біріктіруге айтарлықтай мүмкіндік бар. Елдеріміздің экономикалық ықпалдастығын жандандырып, халықтарымызды бір-біріне жақындата түсуде көлік байланыстарын жақсартудың да маңызы зор. Премьер-министр Маркус Зёдер жаңа өсім бағыттарын іздеуге айрықша мән беретін Бавария Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ ол елімізде табысты жұмыс істеп жатқан бавариялық компанияларға көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді.   Кездесу соңында Мемлекет басшысы Бавария Премьер-министрімен қонақжай қазақ жерінде жүздесуді асыға күтетінін айтты.