Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумына қатысты
Қазақстан мен Германия 54 млрд доллардан асатын 40 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздейді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумында сөз сөйледі. Басқосуға екі елдің іскерлік топ өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия ұзақ жылдар бойы өзара құрмет пен практикалық ықпалдастық негізінде берік байланыстарды жолға қойғанын айтты.
«Қазақстан Германияны уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Біз Германияның экономикалық жетістіктеріне және өнеркәсіп мәдениетіне зор құрметпен қараймыз. Қанша буын алмасса да, «Made in Germany» бренді сапаның, инженерлік кемелдіктің, дәлдік пен жауапкершіліктің символы болып келеді. Германияның экономикасы қуатты елге айналуына оның халықаралық корпорациялары ғана емес, сонымен қатар орта бизнес кәсіпорындары (Mittelstand), білікті кадрлары, ғылыми әлеуеті мен бірегей өндіріс мәдениеті үлес қосты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Германия Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасында айрықша рөл атқаратынына назар аударды. ЕО – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі, ал Германия – еліміздің Еуропамен экономикалық ықпалдастығын өрге сүйрейтін қозғаушы күш іспеттес.
«Бүгінде аса маңызды материалдар, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, озық технология бағыттары күн тәртібіміздегі өзекті тақырыптар саналады. Қазақстан мен Германия дәл осы салаларда күш-жігер жұмылдырып, елеулі нәтижеге қол жеткізе алады», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын көпірге балады. Президенттің пікірінше, өнеркәсіп кооперациясы – қазақ-герман серіктестігінің маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде ортақ портфельде жалпы құны 54 миллиард доллардан асатын 40 инвестициялық бастама бар. Оның ішінде 21 жоба жүзеге асқан. Қасым-Жомарт Тоқаев CLAAS, Horsch, Amazonen-Werke және Knauf секілді компаниялармен табысты ынтымақтастық жолға қойылғанын жеткізді. Соңғы бес жылда CLAAS компаниясы Қазақстанда 2100-ден аса ауыл шаруашылығы техникасын шығарған.
«Орайлы сәтті пайдаланып, өнеркәсіп саласындағы серіктестігіміз екіжақты үдеріске айналып келе жатқанын айтқым келеді. Оны Қазақстаннан Германияға өнеркәсіп тауарларының экспорты артқанынан аңғарамыз. Мәселен, осы сапар барысында отандық машина жасау саласының өнімдерін, соның ішінде неміс құрал-жабдығын қолдану арқылы шығарылған теміржол көлігі дөңгелегін Германия нарығына жеткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан германиялық компаниялармен автоматтандыру, станок, өнеркәсіпке арналған роботты техника, машина жасау, озық өндіріс және үдерісті цифрландыру салаларында ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
«Бұл мысалдар экономикалық байланыстарымыз алдағы уақытта қай бағытта дамитынын көрсетеді. Жекелеген табысты жобалармен шектелмей, өнеркәсіп саласындағы жүйелі серіктестікке көшкеніміз жөн. Еліміз осы мақсатта Қазақстан-Германия инвестициялық-өнеркәсіп бастамасын қолға алуға әзір. Оның негізінде үздік жобалардың бірыңғай тізімі жасақталады. Мақсатымыз айқын: Қазақстанда жаңа салалардың пайда болуына септігін тигізетін, коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды іріктеп алу, неміс технологиясы мен білімін меңгеру, өңірлік және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару. Бұл ретте немістің Mittelstand, яғни орта бизнес кәсіпорындары айрықша рөл атқара алады», – деді Президент.