Жеті күн ішінде қаржы есебі, он күнде арнайы жоспары дайын болу керек: Қарин әскердегі реформа туралы нақты даталарды атады

Автор: Бақыт Шынар

Вице-президент бұл туралы әлеуметтік желідегі ресми парақшасына жазды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин Маңғыстау облысындағы 14 сарбаздың қазасына байланысты жазба жариялап, өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Вице-президенттің айтуынша, Каспийдегі матростардың өлімі жалпыұлттық қасіретке айналған. Осы күндер аралағында атқарылған жұмыстар туралы айта келе Қарин Қазақстанның әскеріндегі ауқымды реформаға қатысты нақты даталарды атады.

«Президент Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомствоның жұмысын кешенді тексеру жөнінде Комиссия құрды. Қаржы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайына жасалатын аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде баяндалуға тиіс.Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды», - деп мәлімдеді Қарин.

Жалпы, вице-президенттің айтуынша, мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты барлық негізгі мәселені, яғни зардап шеккендерге көмек көрсету, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермес үшін оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу жөніндегі жүйелі шараларды жедел түрде жеке бақылауына алды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдап, олардың туған-туыстары мен жақындарына жеке өз атынан көңіл айтты. Мемлекет басшысының Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталды. Президенттің тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына шұғыл аттанды», - деп еске салды Ерлан Қарин.

Вице-президент бұдан басқа қаза тапқан сарбаздардың отбасылары үшін ақша жиналғанын, ол қаржының әділ әрі ашық бөлінуі үшін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын қоғамдық комиссия жасақталғанын еске салды.

Қарин сондай-ақ 14 сарбаздың өліміне қатысты тергеу аясында алғашқы күдіктілер анықталып, олар тез арада ұсталғанын да атап өтті.