Президент жуық арада қазіргі мәслихат депутаттарының өкілеттілігі тоқтайтынын мәлімдеді
Бүгін Қазақстан Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі мәслихат депутаттырының өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы сөз қозғады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Президент хабарлағандай, көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек.
«Мен сөз басында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылып жатқанын айттым. Енді осы жұмысты тоқтатпай, тек алға қарай жүруіміз керек. Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты», - деді Тоқаев.
Яғни, президент атап өткендей, жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады және сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды.
«Жалпы, жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды. Бір сөзбен айтқанда, елді-мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды. Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек», - деді президент.
Тоқаевтың пайымынша, бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді.
«Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін», - деді сөз соңында президент.