Бүгін президент Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөз сөйлеп жатыр
Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақыттағы реформалардың нәтижелерін айтып өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық, құрметті отандастар! Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды», - деді Тоқаев.
Жалпы, президент атап өткендей, соңғы 7 жылда жалпы ішкі өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жетті. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты. Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй бой көтереді. 2019 жылдан бастап, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Сондай-ақ 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды.