Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасын жаңа деңгейге көтеруді тапсырды

Автор: Дәулет Ботагөз

Мемлекет басшысы жайлы әрі таза орта тек мемлекеттің жұмысына емес, сонымен бірге әрбір азаматтың өзін ұстауына байланысты екенін баса айтты

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасын одан әрі дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тазалықтың ұлттық стандартын құру қажеттілігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы жайлы әрі таза орта тек мемлекеттің жұмысына емес, сонымен бірге әрбір азаматтың өзін ұстауына байланысты екенін баса айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қоршаған ортаға қамқорлық жасау қоғамның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналуы тиіс.

«Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек. Алайда осындай керемет өмір өзінен өзі аспаннан түспейді, бұл да – ең алдымен, әрбір азаматтың саналы көзқарасы, болмысы», – деді президент.

Мемлекет басшысы тазалық ұғымының аясы кең екенін және ол ең алдымен адамның өзінен басталатынын атап өтті. Ол сондай-ақ экологиялық бастамаларға жастардың қосқан үлесіне тоқталып, мұндай қатысушыларды жауапты азаматтардың үлгісі деп атады.

«Ойы, ниеті таза адамның әрбір әрекеті түзу болады. Тазалықты ең алдымен өзімізден бастау маңызды. Мен Қазақстан жастарын, яғни сіздерді дәл сондай жүрегі таза, адал азаматтар деп есептеймін. Бұл сөздің мағынасын кең тұрғыдан алып қарасақ, тазалық ластықтың алдында ешқашан ұтылмайды, тазалық бәрін жеңеді. Бұл да – өмірдің өзі растаған мәңгі ақиқат дүние», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, «Таза Қазақстан» жобасы миллиондаған азаматтың басын қосты. Жыл басынан бері бүкіл ел бойынша 600-ден астам экологиялық іс-шара өтіп, оған 7 миллионға жуық адам қатысты. Бастамаға қатысушылар 130 мың гектардан астам жерді тазартып, 1,3 миллион ағаш екті.

Тоқаев экологиялық шараларға қатысқан барлық азаматқа алғыс айтып, белсенді тұрғындар Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында мемлекеттік наградалармен марапатталатынын мәлімдеді.

Сонымен бірге президент қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалмай, жобаны жаңа деңгейге шығаруға шақырды. Оның пікірінше, бұл бастама қоғамдық санадағы ұзақ мерзімді өзгерістерге және ұлттық құндылықтарды нығайтуға ықпал етуі тиіс.

Президент бұдан былайғы жұмыс жүйелі болуы керектігін айтты. Осыған байланысты ол ел деңгейінде тазалықтың бірыңғай талаптарын бекітуді ұсынды.

«Алдымызда тұрған биік және өзекті мақсаттар мен міндеттер аз емес, көп деп айтуға болады. Біз «Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек. Елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу қажет деп ойлаймын. Бұл – уақыт талабы», – деп баса айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы өзгерістердің ауқымына жеке тоқталды. Оның айтуынша, қоғам өмірінің барлық саласында реформалар жүзеге асырылып, экономика дамып келеді, ал өңірлерде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар белсенді түрде салынуда.

«Ел экономикасы да тың қарқынмен өсіп-өркендеуде. Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр», – деді президент.

Тоқаев құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары әрі қарай да жалғасатынын атап өтті. Бұл ретте ол атқарылатын жұмыстардың сапасына және бекітілген талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін айтты.

«Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек. Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Елорданың дамуы туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы бүкіл Қазақстанның жетістіктерінің айнасы деп атады. Ол қаланың новаторлар мен дамуға ұмтылатын жандардың тартылыс орталығына айналып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Осы тұрғыдан алғанда, Астана – Қазақстанның айнасы, бетке ұстар басты қаласы екені сөзсіз. Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр», – деп атап өтті президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен оның командасының еңбегін жоғары бағалап, олардың қаланы дамытуға және көркейтуге қосқан үлесін атап өтті.

«Бұл да – қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.