Астанада Кореямен бірлескен озық технологиялар орталығы құрылуы мүмкін

Автор: Махан Миражан

Бұл туралы Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммитінде айтты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммитінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың әлеуеті жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Қазақстан бұл бағыттың табысты дамуына барынша күш салады.

«Елімізде салалық министрлік құрылды, Alem.ai халықаралық орталығы ашылды, екі суперкомпьютер іске қосылды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау осы саланың дамуына тың серпін берді. Бірқатар маңдайалды бастамаларды іске асырып жатырмыз. Олардың қатарында қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жобасы да бар. Кадрлық және ғылыми әлеуетіміз де нығайып келеді. Еліміздегі алғашқы арнаулы университет – Qazaq AI Research University маман даярлауға кірісті. Технологиялық серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығару үшін Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынамыз», – деді Президент.

Ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан рекордтық көлемде, яғни 27 миллион тоннадай астық жинағанын мәлімдеді.

«Агроөнеркәсіп өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне жеткізіледі. Экспорт көлемі 7 миллиард долларға жетті. Қазақстан жер ресурстарына бай. Ал Корея ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және оған жоғары технологияларды енгізу ісінде көш бастап тұр. Бәсекеге қабілетті артықшылықтарымызды біріктіріп, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруды ұсынамын. Аталған кластердің қызметі өндіріске, терең өңдеуге және өнімді сыртқы нарыққа экспорттауға бағытталады. Қазақстан корей компанияларына үлкен нарық ұсынып қана қоймай, өндіріс орындарын ашуға, технологияларды енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мол мүмкіндік береді. Бұл корей бизнесінің көкжиегін кеңейте түседі. Сонымен қатар тұтас Орталық Азияға нақты мультипликативті әсерін тигізеді», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, аймақтың экономикалық табысын елдердің орнықты дамуынан бөлек қарауға болмайды. 

«Орталық Азияның өзара байланысын нығайту өңірдің экономикалық әлеуетін толық танытады, халықаралық бизнеске жол ашып, ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді. Әлемде технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету осы мақсаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етері сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.