Олардың қай салаларға жетекшілік ететіні де белгілі болды
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебайдың орынбасарлары тағайындалды. Осылайша, партияның басшылық құрамы айқындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Дереккөз хабарлағандай, бүгін партия төрағасының орынбасары лауазымына Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев тағайындалды. Енді партия төрағасының алты түрлі бағытқа жауапты алты орынбасары бар.
Олардың қай бағытқа жауапты екеніне толығырық тоқталсақ, бүгін тағайындалған Асхат Оралов бақылау, талдау және қызметті бағалау бағытына жетекшілік етеді. Ораловтың жастар саясаты саласындағы, мемлекеттік органдар мен партиялық құрылымдардағы басшылық қызметтерде жиған мол кәсіби тәжірибесі бар. Әр жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Мәдениет және спорт министрі, Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік инспектор қызметтерін атқарды. Тағайындауға дейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында жұмыс істеді.
Экономика, салалық және өңірлік даму мәселелеріне жауап беретін Эльдар Жұмағазиев Атырау мұнай және газ институтын, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдады. Әр жылдары Атырау облысындағы ішкі саясат саласында қызмет етіп, «Атырау-Ақпарат» КМК өңірлік медиахолдингін басқарған, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Партиялық жұмыста мол тәжірибесі бар.
Нұрсұлтан Байтілесов жетекшілік ететін сала – құқық және заңнамалық саясат. Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Байтілесовтің қызметі сот жүйесімен тығыз байланысты. Ол аудандық сот маманынан бастап, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өтті. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болды. Әр жылдары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде және Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетте «құқықтану», «экономика» және «бизнес» мамандықтары бойынша білім алды.
Бұған дейін партия төрағасының коммуникация мәселелері жөніндегі орынбасары болып Әлия Адамбаева тағайындалған еді.
Ал идеология бағытына жетекшілік ететін орынбасары болып Ержан Жылқыбаев тағайындалған.
Цифрландыру мәселелері жөніндегі орынбасары ретінде Қаныш Төлеушин тағайындалған еді.