Бұдан бұлек, бұл лауазымға Ғани Майлыбаев та үміткер болғаны анықталды
Бүгін таңертең Алматы облысының әкімі ауысты. Енді Марат Сұлтанғазиевтің орнына облысты бұрынғы ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов басқарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс жұртшылығына жаңа әкімді премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент әкімшілігінің басшысы Роман Скляр таныстырған.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, президент Алматы облысының мәслихатына екі кандидатураны ұсынған екен.
«Роман Скляр депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысының әкімі лауазымына екі кандидатты: бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевты ұсыну туралы хатын оқыды. Жиынға 178 депутат қатысты. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Шыңғыс Әріновтің кандидатурасын депутаттардың 83% қолдады», - деп хабарлайды Үкімет.
Осылайша, бүгін таңертең Әрінов президенттің жарлығына орай, Алматы облысының әкімі атанған еді. Премьер-министр Олжас Бектенов Марат Сұлтанғазиевке алғыс айтып, өңір жұртына жаңа әкім – Шыңғыс Әріновті таныстырған.