«Отандық ақпарат кеңістігін жандандыруға күш салу керек»: Тоқаев Қырықбаевқа тапсырма берді
Арман Қырықбаевқа бірнеше міндет жүктелді
Бүгін Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, Қырықбаев бұл қызметке кеше, 3 қыркүйек күні кіріскен болатын. Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарын айқындап, ведомство алдына бірқатар нақты міндет қойған.
«Мемлекет басшысы мәдениет пен креативті индустрияны одан әрі дамытуды, тарихи-мәдени мұраны сақтап, кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан мәдениетін халықаралық аренада дәріптеудің маңызын атап өтті. Тоқаев мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент отандық ақпарат кеңістігін жандандыруға, соның ішінде заң жобалау жұмысын заманауи цифрлық тәуекелдерді ескере отырып жетілдіруге күш салу қажет деп санайды», - деп хабарлайды Ақорда.
Бұдан бөлек, Ақорда жазғандай, мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын дәйекті түрде жалғастыру, жастардың жасампаз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау жөнінде міндет жүктеді.