Құрылтай Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдады

Автор: Темірхан Айжан

Оның кандидатурасын қолдап 137 депутат дауыс берді 

Фото: primeminister.kz

Қазақстанның  премьер-министрі лауазымына Олжас Бектенов қайта сайланды, оның кандидатурасын  137 депутат қолдап дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы қызметке оны президент Қасым- Жомарт Тоқаев ұсынды. Мемлекет басшысының пікірінше, Олжас Бектенов үкіметті басқарған жылдары жақсы нәтиже көрсеткен.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, маған жоғары сенім көрсетіп, екінші мәрте Премьер-Министр лауазымына тағайындағаныңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Сондай-ақ бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттарына қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіремін. Біздің өзіңізбен бірлескен жұмысымыз Мемлекет басшысының Әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру жөніндегі тапсырмаларын жедел және сапалы орындауға бағытталатынына сенемін. Жаңа Конституциямыз қабылданып, мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі бастау алған ел дамуындағы аса маңызды кезеңде Үкіметті басқару мен үшін айрықша жауапкершілік. Президент мырза, жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыздық өсімін қамтамасыз етеміз. Бұл орайда азаматтарды белсенді жұмыспен қамту арқылы олардың табысын арттыра отырып, инфляция деңгейін төмендетеміз.
Сіз тапсырғандай, біз бүкіл еліміз бойынша маңызды жобалардың құрылысын бастадық. Ауқымды құрылыс бағдарламасы инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салуға және экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталады. 2026 жыл сіз белгілегендей, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып белгіленді. Тапсырмаларды жедел әрі сапалы орындау үшін бар күшімізді саламыз. Экономиканың барлық саласында цифрлық трансформация жалғасын табады. Сонымен қатар, заң мен тәртіп қағидаты Үкімет жұмысының басты бағыттарының бірі болады», - деді Бектенов. 

Естеріңізге сала кетейік, Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 ж. – Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген, мамандығы – заңгер. 2019 жылғы 26 маусымнан бастап – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.2022 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасы болып тағайындалды.2023 жылғы 3 сәуірде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2024 жылдың 6 ақпанынан бастап Қазақстанның премьер-министрі қызметін атқарып келді.