Үш депутат ұсынылды
Депутаттар Құрылтай спикері Айбек Дәдебайдың үш орынбасарын сайлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылтай төрағасының орынбасарлары болып Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева тағайындалды.
Нұрлан Бекназаров 1964 жылы 12 маусымда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол – мемлекет қайраткері. 2018–2026 жылдары Шымкент қаласынан сайланған Парламент Сенатының депутаты болды. 2026 жылдан бастап «Әділет» партиясының партиялық тізімі бойынша бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаты.
Дания Еспаева 1961 жылы 5 наурызда Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының Жайсаң ауылында дүниеге келген. Саясаткер, экономист. 2016–2026 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болды. 2023–2026 жылдары Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2026 жылдан бастап «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы әрі партиялық тізім бойынша сайланған бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаты.
Динара Зәкиева 1982 жылы 22 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Мемлекеттік және қоғам қайраткері.
2023 жылғы 16 маусымнан бері Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарды. 2021–2023 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болды.
Үш орынбасар да бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттары.
Еске салайық, бүгін бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы отырысы өтіп жатыр. Бұған дейін Құрылтай депутаттары Қазақстан халқына ант беріп, Құрылтай төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланған болатын. Оның кандидатурасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.