Президенттің сөзінше, мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясын ашу барысында ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайтынын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy..
«Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ», - деді Тоқаев.
Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайтынын айтты.
«Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын. Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне баса назар аударатын болдық, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Бұл – ең алдымен, төл шежіремізді тұтас тану және оны жұрт жадында жаңғырту деген сөз, - деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді.
«Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береміз?! Біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама. Себебі, қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев санасы сергек, ойы азат ұлт өткен күннен сабақ алады, өткен тарихын биікке көтереді және әрдайым алға ұмтылады дейді. Әсіресе, қазір еліміз жаңа тарихи өрлеу кезеңіне қадам басып жатқан кезде бұл ұстаным айрықша маңызды.