Жапаров Тоқаевты Құрылтай депутаттарының сайлауы өтуімен құттықтады

Автор: Алмас Ерсін

Садыр Жапаров Құрылтай Қазақстанның дамуы мен мемлекеттілігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді

Фото: Ақорда

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас қазақ халқын Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауының сәтті өтуімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Азаматтардың өз еркін білдіруі нәтижесінде жасақталған Құрылтай Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін нығайтуға, құқықтық және қоғамдық-саяси институттарды жетілдіруге, сондай-ақ елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына кәміл сенемін. Сіздің басшылығыңызбен жүйелі түрде жүргізіліп жатқан реформалардың мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделеріне, халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдің одан әрі өркендеуіне қызмет етіп отырғанын ризашылықпен атап өтемін», - делінген құттықтау хатта

Сондай-ақ көрші ел көшбасшысы қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігіне тоқталып өтті.

«Қырғыз-қазақ стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастары алдағы уақытта да дәйекті түрде нығайып, екі ел халқының игілігі үшін, сондай-ақ бүкіл Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жолында жаңа мазмұнмен толыға беретініне сенім білдіремін. Сізге зор денсаулық, амандық және мемлекеттік қызметіңізге табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін», - деді Садыр Жапаров.