Праймериз: «Nur Otan» партиясы онлайн дауыс беру механизмін пысықтады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлады

17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясында партияішілік таңдау – праймериз өткізу жоспарланып отыр. Ол Қазақстанның партиялық-саяси даму тарихында алғаш рет жалпыреспубликалық партияішілік масштабта өтеді. Бауыржан Байбектің айтуынша, бұл – партияның «қайта жаңғыруының» және алдағы Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқанына дайындығының қорытынды кезеңдерінің бірі. 

«Праймериздің негізгі мақсаты – партиялық тізімдерді бәсекелі және айқын негізде қалыптастыру. Нұротандықтар еліміздің барлық аймағында қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын өздері анықтайды.

Өкінішке қарай, коронавирус пандемиясы тыйылар емес және өміріміздің барлық саласына әсер етіп жатыр. Карантин және әлеуметтік оқшаулану жағдайында біз қашықтан жұмыс істеп, өзара әрекет етуге мәжбүрміз. Мұндай жағдай Қазақстанда және әлемде қашанға дейін созыларын ешкім де болжап айта алмайды. Бұл – ішкі саяси процестерді де осыған бейімдеуді талап ететін жаңа құбылыс. Себебі, бәріміз үшін негізгі басымдық – азаматтарымыздың денсаулығы», - деп жазды ол Facebook-парақшасында.

«Nur Otan» партиясы онлайн дауыс беру механизмін пысықтап, оны саяси кеңес мүшелері қолдаған.

«Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партияішілік сайлауда онлайн-форматта дауыс беру механизмін пысықтадық. Саяси кеңес мүшелері Праймериз өткізу ережесіне енгізілген тиісті толықтыруды сырттай дауыс беру арқылы қолдады.

Өздеріңіз білетіндей, партия қызметін цифрландыру бойынша жүйелі жұмыстар 2014 жылдан-ақ басталған болатын. «Nur Otan» елімізде алғашқы болып «Электронды партия» ауқымды жобасын іске асыруға кірісті. Партияның орталықтандырылған деректер базасы, онлайн қоғамдық қабылдауы, веб-порталы жасалып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жаңа коммуникация арналары енгізілді», - деп жазды ол.

Бүгінде халық жаңа цифрлық мүмкіндіктерді қарқынды қолданып жатыр екен.

«Карантин енгізілген сәттен бастап партияға онлайн жүгінушілер саны 5,3 есе, оның ішінде Facebook пен Instagram арқылы 17,5 есе, ал Whatsapp бойынша 9,5 есеге артты. Партияның қоғамдық қабылдауына бірінші жартыжылдықта 224,1 мың адам хабарласты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,6 есеге өскен. Осы мәселелердің көбі шешілді және бірқатары партия бақылауында», - деді Б. Байбек.

«Электронды партия» жобасы «Праймериз» ақпараттық жүйесін әзірлеуге негіз болған. Ол веб-портал мен мобильді қосымшадан тұрады. Партия басшылығы шетелдік озық тәжірибелерді зерттеп, тиісінше қолданған.

«Мұнда біз жеті базалық қағидатты басшылыққа аламыз. Атап айтқанда, олар қолжетімділік, автономдылық, айқындық, сенімділік, легитимділік, көп функционалдық және қауіпсіздік қағидаттарын қамтиды. Бұлар жүйені қолдануға жеңіл етіп, ақпараттық қауіпсіздікті, сайлаушының «таңдау құпиясын», сырттан араласу мен бұрмалау тәуекелдерінен қорғауды қамтамасыз етеді.

«Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланысты барынша күшейтіп, сауалнамаларды жедел жүргізуге, түрлі бастамалар мен заң жобаларын талқылауға, шалғайдағы елдімекен тұрғындарының пікірлерін тыңдауға мүмкіндік береді», - деп негізгі басымдықтарына тоқталды.

Бауыржан Байбек «Праймериз» жүйесін әзірлеуге қызу атсалысқан ІТ-мамандар тобына және партия мүшесі Асқар Жұмағалиевке ерекше алғыс білдірді.

«Онлайн-формат – партияның ашық әрі қолжетімді бола түсуіне жасалған тағы да бір қадам. Әсіресе, жастар үшін жақсы мүмкіндік. Елбасының тапсырмасы бойынша әрбір мәслихат пен Мәжіліске арналған партиялық тізімдерде кемінде 20% 35 жасқа дейінгі жастарды қамту жоспарланып отыр.

Адал да бәсекелік негізде праймериз өткізу бәріміз үшін маңызды. Сарапшылар қоғамдастығы ағымдағы қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде бұдан үлкен үміт күтіп отыр. Мұны таяуда өткен «Nur Otan» жақтастары лигасының дискуссиясы нақты көрсетті. Біз Лиганың бүкіл ел көлемінде партияшішілік таңдаудың өткізілу барысына қоғамдық бақылау жасау бойынша бастамасын қолдаймыз», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы елімізді сөзбен емес, іс жүзінде дамытқысы келетін барша жанды праймеризге қызу қатысуға шақыратынын жеткізді.