Бұл Конвенцияға 45 мемлекет қол қойған
Бейжің қаласында Қазақстанның ресми делегациясы Халықаралық медиация ұйымын құру туралы конвенцияға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, конвенция еліміздегі медиаторлардың халықаралық әріптестік аясын кеңейтіп, әлемдік тәжірибені игеруіне, тәжірибе алмасуына және кәсіби деңгейін жетілдіруіне тың серпін береді.
«Құжат дауларды реттеудің заманауи тәсілдерін енгізуге, мемлекетаралық дауларды шешу тетіктерін жетілдіруге және еліміздегі медиация институтының әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге, конвенция Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, мәмілеге негізделген дауларды шешу тәжірибесін кеңінен дамытуға мүмкіндік береді», - деп хабарлайды ақпарат министрлігі.
Болашақта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, конвенцияны ратификациялауға қатысты қажетті рәсімдерді жүзеге асырмақ. Медиация институтын дамыту және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Бүгінде Конвенцияға 45 мемлекет қол қойған.