Тоқаев Дохаға барып, Қатар әміріне көңіл айтты
Мемлекет басшысы Қатар әмірінің отбасына және ел халқына көңіл айту үшін Дохаға барды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатардың бұрынғы әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің қайтыс болуына байланысты Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани мен билеуші әулет мүшелеріне жеке өзі көңіл айту үшін Дохаға барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы шейх Хамадтың қуатты әрі табысты Қатар мемлекетін құруға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.
«Қазіргі Қатардың көптеген маңызды тарихи жетістігі мен елдің әлемдік аренадағы жоғары беделі оның есімімен тығыз байланысты. Шейх Хамад әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының шынайы досы болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, шейх Хамад бен Халифа Әл Тани қазақ-қатар қарым-қатынастарының қалыптасуы мен табысты дамуына зор үлес қосты.
Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келген. Ал оның алғашқы сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі ретінде әмірді қарсы алған. Мемлекет басшысы шейх Хамадтың бастамасымен Астанада Әл-Фараби атындағы мешіт салынғанын, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылғанын ерекше ризашылықпен атап өтті. Мұның бәрі екі ел арасындағы шынайы достық пен өзара түсіністіктің айқын көрінісі екенін айтты.

«Осындай қаралы сәтте Алла Тағаладан марқұмның жаны жәннатта болуын сұрап, дұға етеміз», – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы келгені және жеке қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Оның сөзінше, бұл Қазақстан мен Қатар халықтары арасындағы бауырластық қатынастардың ерекше сипатын көрсетеді.
Қатар тарапының бастамасымен қазіргі халықаралық ахуал, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде пікір алмасу өтті.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қатар әміріне өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келу туралы шақыруын тағы да растады. Шақыру ризашылықпен қабыл алынды.