Президент AD Ports Group басқарушы және бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Шамисиді қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Әңгімелесу барысында Орта дәлізді дамыту аясында Каспий аймағының көлік-транзит әлеуетін кеңейту перспективасы талқыланды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы алаңында Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесті.

Президент AD Ports Group бүгінде теңіз арқылы тасымалдау және порт инфрақұрылымын дамыту саласында әлемдегі жетекші операторлардың бірі ретінде танылғанын атап өтті.

Әңгімелесу барысында Орта дәлізді дамыту аясында Каспий аймағының көлік-транзит әлеуетін кеңейту перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Брюссельге жасаған ресми сапары аясында Еуропалық Одақ басшылығы мен еуропалық іскерлік қоғамдастық өкілдері Транскаспий халықаралық көлік бағытын Азия мен Еуропаны жалғайтын негізгі көлік жолдарының бірі ретінде бағалап, осы бағдар арқылы жүк ағынын кеңейтуге әзір екендерін айтқанын жеткізді.

Кездесуде жүк тасымалы саласындағы бірлескен кәсіпорындар қызметіне, сондай-ақ порт инфрақұрылымын дамыту, астық және жүк терминалдарын салу мәселесіне баса мән берілді.

Мұхаммед Әл-Шамиси холдингтің ұзақмерзімді ынтымақтастыққа және өңірдегі серіктестікті нығайтуға стратегиялық тұрғыдан қызығушылық танытатынын растады.